Сенатор денсаулық сақтау саласы қызметкерлерімен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін сенатор Ақылбек Күрішбаев елорданың медициналық ахуалы мен денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің хал-жағдайын білу мақсатында дәрігерлермен кездесті. 

Кездесуді алдымен Көпсалалы медициналық орталықтан (бұрынғы Онкология орталығы) бастадым. Күрделі кезеңде адам жанын аман алып қалу жолында аянбай еңбек етіп жүрген азаматтардың мәселелерімен таныстым. Орталық дәрігерлерінің көкейіндегі басты мәселелер - жалақыны көтеру, жас отбасыларға тұрғын үй алу жағдайын жақсарту, зейнетақы жинақтарын алу. Бұл жерде, білім беру саласында орын алғандай, медицина қызметкерлерін квалификациялық тестілеу жүйесіне қатысты шағымдары айтылды, - деді ол. 

Медициналық жоғары оқу орындарына студенттердің практикалық оқуына байланысты көптеген сын тағылды, сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігіне ФОМС жүйесіндегі медициналық қызметтерге төленетін тарифтердің мөлшеріне қатысты біршама сұрағы бар.

Одан кейін, елордадағы №5 қалалық емхана қызметкерлерімен кездестім. Мұнда да ақ халатты абзал жандардың жеке сұрақтарымен де, қоғам үшін аса маңызды мәселелермен де таныстым. Күрмеуі шешілмей келе жатқан мәселелер қатары көп.  Дегенмен, Мемлекет басшысының оң саясаты негізінде біраз ауқымды істің дұрыс жолға қойыла бастағанына куә болдым. Әсіресе, медициналық орталықтарымыздың заманауи техникалық жабдықталуы көз қуантады, - деді сенатор.

Бүгінгі таңда денсаулық сақтау жүйесіндегі көп нәрсе бірінші басшыға байланысты. 

№ 5 емхананың бас дәрігері А.Ш.Табулдинаның сауатты басқаруының арқасында емхананың табысы едәуір артқан және де жыл соңында ұжым 3 мәрте жалақыға сай сыйлықақы алып отыр (!). Алтыншаш Табулдина мәслихат депутаттығына лайықты кандидат! «Денсаулық - зор байлық» деген халқымыз. Бұл саланың әлі де шешілуін қажет ететін тұстарын дер кезінде тарқатып, сала қызметкерлері мен мамандарының жанайқайына уақытында назар аударылу керек-ақ. Кездесулерде көтерілген және өзім көрген бар мәселені бірін қалдырмай түртіп алдым. Мұның барлығын алдағы уақытта Парламенттің отырысында айтатын боламыз, - деді Ақылбек Күрішбаев.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы