Сенатор: Біздің басшыларда халықшыл мінез жоқ
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Үкімет басшысы Асқар Мамин ҚР Парламент сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Мұрат Бақтиярұлын қабылдады. Бұл туралы сенатор өзінің әлеуметтік желідегі жазбасында хабарлады.
Бүгін Үкімет басшысы Асқар Мамин мырзаның қабылдауында болдым. Былтыр осы уақытта қабылдағанда Қызылорда - Жезқазған жолына, Аралдағы Көкарал бөгетін, Әйтек бөгетін жөндеуге арнайы қаржы бөлінетіндігі туралы уәде берген еді. 2020-2021 жылдардың бюджетіне қаржы салынды. Жұмыстар жасалып жатыр. Жыр болған жол екі жылдың көлемінде іске қосылады - дейді сенатор.
Сонымен қатар ол өзі сайланған облыстағы үлкен әлеуметтік мәселе ауылдардардағы газдандыру жұмыстарының созылып келе жатқандағы екенін айтады.
Үкімет басшысы жобалық сметалық құжаттары дайын ауылдарға республикалық бюджеттен мүмкіндігінше көмек көрсетілетінін айтты. Сонымен қатар осы кезге дейін шешімін таппай келе жатқан Көкшетау қаласының іргесіндегі Красный Яр ауылындағы қандастарымызға Нұрлы жол бағдарламасымен салынған үйлеріне жер телімдерін заңдастырып берудің он жылдан астам созылып келе жатқандығын тілге тиек еттім. Сол сияқты Елорда іргесінде Көктал-1 ықшамауданында қандастарымыздың өз күштерімен салған екіжүздей үйлердің өздеріне тиесілі меншікті жер телімдерінің заңды түрде берілуі он үш жылға созылып келеді. Өзім олардың тұрып жатқан жерін көзбен көрдім, арыз жазбаған жерлері қалмаған, бірақ өтініштері орындалмайды. Үйлері бар, сол үйдің астындағы меншікті жер телімдері өздерінікі емес. Осылай да бола ма?! - дейді Мұрат Бақтиярұлы.
Оның сөзіне қарағанда мұның бәрі Үкіметке жеткізбей-ақ жергілікті атқарушы органдар шешуге болатын дүниелер.
Әттең біздің басшыларда халықшылдық мінез, бекзаттық, кеңдік жетіспейді. Үкімет басшысы тиісті әкімдерді шақырып, оң шешім шығарудың жолын қарастырамыз деген уәдесін берді. Ақырын күтейік. Азғантай ғана ұлтпыз. Лайым қолында билігі бар бауырларымыз сол азғантай ұлттың маңдайынан сипап, арқасынан қағып қызмет қылғанына не жетсін! - дейді сенатор.