Дана Нұржігіт жыныстық азғындыққа байланысты маңызды мәселе көтерді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутат Дана Нұржігіт елдегі жыныстық сипаттағы азғындықтың азаймай отырғанын айтып, Бас прокуратураға сауал жолдады.

Біз кәмелеттік жасқа толмаған балаларға қатысты жыныстық сипаттағы әрекеттері үшін қылмыстық жазаны едәуір қатаңдаттық. Алайда, қылмыстың бұл түрі азаяр емес. Бейкүнә балаға осыншама зорлық қылған қылмыскерлерді рақымшылық алудан да дәмеленбейтіндей, мерзімінен ерте босап шығатындай құқығынан айырып, тәртібі барынша қатаң түзеу мекемелеріне оқшаулаған жөн, - дейді Дана Нұржігіт.

Депутат келтірген статистика бойынша, Қазақстанда кейінгі 4 жылда осындай қылмыстар үшін 1868 адам кінәлі деп танылған. Оның 539-ы ғана 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылған. Биылдың өзінде ғана кәмелетке толмаған балаларға қарсы жасалған қылмыс 8 пайызға өскен.

Мұны тоқтату үшін қатаң жаза қылмысты жасаған адамға ғана емес, сол қылмысқа жол берген, фактілерді жасырған, қылмыскердің жалтаруына мүмкіндік берген азаматтарға да қолданылуы керек деп ойлаймыз, - деді сенатор.

Осы орайда ол Орал қаласында болған оқиғаны да еске түсірді. 

Ол жерде 12 жастағы қызға қатысты сексуалды сипаттағы қылмыс қаралған болатын. Жауапқа тартылған 21 жастағы сотталушыға қатысты қылмыстық іс зорлау үшін қозғалса да, артынан 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас жасағаны үшін айып тағылды. Осылайша, алқалық сот 2,5 жылға бас бостандығын шектеу туралы үкім шығарған болатын. Халық ондай шешімге наразылық білдірген.

Елімізде кәмелетке толмаған балаларға қарсы жасалатын қылмыспен күрес ұлттық заңнама арқылы ғана емес, халықаралық деңгейде қабылданған нормаларды қолдану арқылы да жүргізіледі. Алайда, халықаралық деңгейде балаларды қорғайтын екі маңызды құжатқа Қазақстан әлі де қол қоймаған, - дейді  Нұржігіт.

Сенатордың айтуынша, Қазақстан халықаралық деңгейде балаларды қорғайтын екі маңызды құжатқа әлі қол қоймаған. Олар: бірінші - балалар құқықтары туралы конвенцияның үшінші факультативтік хаттамасы. Екінші - Еуропа Одағының балаларды сексуалды эксплуатациядан және сексуалды зорлық зомбылықтан қорғау конвенциясы.

Бұл конвенцияға қосылған мемлекеттер баланы жезөкшелікке тарту,  мәжбүрлеу немесе секс-тауар ретінде көріп пайдалану, балалар порнографиясын өндіру, ұсыну, тарату, сатып алу, сақтау үшін қылмыстық жаза қарастыруға  міндетті, - дейді депутат.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы