Сенатор балабақша педагогтеріне еңбекақы төлеу жүйесін қайта қарауды ұсынды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мектепке дейінгі мекемелерде жұмыс істейтін мамандардың 50%-ында мамандандырылған салалық білімі жоқ. Бұл туралы сенатор Динар Нөкетаева Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында мәлімдеді.
Сенатордың айтуынша, елімізде мектепке дейінгі білім беру саласындағы оң өзгерістерге қарамастан, жүйелі шешімді қажет ететін бірқатар күрделі мәселе бар.
Депутат мектепке дейінгі білім беру саласындағы бар проблемаларды бірнеше негізгі блоктарға бөлуге болады деп есептейді.
Оның ішінде қаржыландыру мәселелері, жалпы және ғылыми тәсілдер, кадрлық қамтамасыз ету және осы саладағы сапалы қолдау да бар, - деді Динар Нөкетаева.
Осы факторлардың аясында мектепке дейінгі сала қызметкерлері педагогикалық және психоэмоционалдық тұрғыда ауыр жағдайға тап болады. Балаларға қол көтеруге дейін қатыгездік таныту, сондай-ақ мектепке дейінгі ұйымдардағы педагогтар тарапынан тәртіп бұзу жиі болып отыр.
Барлық мектепке дейінгі ұйымдарда 3 жасқа дейінгі балаларға арналған балабақша топтарын ашу уақыт күттірмейді. Жергілікті атқарушы органдар қазіргі жағдай мен болжау деректерін талдау негізінде өңірдің стратегиялық жоспарымен байланыстыра отырып, мектепке дейінгі саланы дамытудың қысқа мерзімге арналған кешенді жоспарын әзірлеуі қажет. Өңірде жан басына шаққандағы қаржыландыру коэффициентін ұлғайту жөнінде шаралар қабылдануы тиіс. Сараланған және мөлшерлемелік ақы төлеу жүйесінің тетіктерін пайдалана отырып, мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтеріне еңбекақы төлеу жүйесін қайта қарау қажет, - деді сенатор.