11 Ақпан 2026, 16:13 Фото: Ақорда

Сенатор: Азамат сенімі жүйелі шешімдер арқылы қалыптасады

Сенат депутаты Айнұр Арғынбекова Президенттің төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сенат депутаты Айнұр Арғынбекова Президенттің төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі сын-қатерлер жағдайында мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарын айқындады. Мемлекет басшысы қажетті ресурстар мен өкілеттіктер болған жағдайда ең бастысы – атқару сапасы мен биліктің барлық деңгейіндегі жеке жауапкершілік екенін атап өтті. Президент Үкімет пен әкімдіктер жұмысының тәртібі мен нәтижелілігін арттыруға, ең алдымен өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелерге ерекше назар аударды, - дейді сенатор.

Айтуынша, басты назарда – бюджет қаражатын тиімді әрі әділ пайдалану, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын бақылау, нақты секторды қолдау және азаматтардың мүддесін қорғау.

"Қоғам адамдардың өмір сапасына тікелей әсер ететін нақты нәтижелерді күтеді" деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сенатор ретінде Президент сөзінде алдағы жұмыстың бағыты айқын көрсетілгенін маңызды деп санаймын: азаматтардың сенімі жүйелі шешімдер мен нақты істер арқылы қалыптасады. Дәл осындай тәсіл қоғамның тиімділікке, әділдікке және елдің орнықты дамуына деген сұранысына жауап береді, - деді Айнұр Арғынбекова.