Сенатор: Ауыл тұрғындарының ұсыныстары мен пікірлері аса маңызды
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Руслан Рүстемов Қызылорда облысындағы Сырдария ауданының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Депутат сапар барысында өңірдегі бірқатар елді мекендерінде болып, жерлестерімен жүздесті.
«Сенат жұмысындағы басты басымдықтардың бірі – өңірлерді дамыту болып табылады. Бұл арада Мемлекет басшысының тапсырмаларынан туындайтын міндеттерді нақтылау және жергілікті жерлердегі негізгі проблемаларды түбегейлі шешу туралы ауыл тұрғындарының ұсыныстары мен пікірлері аса маңызды. Ауылды дамыту – біздің Президентіміз белгілеген экономикадағы басым бағыттардың бірі. Осы маңызды бастаманы іске асыру мақсатында Мемлекет басшысы өз міндеттерін «Ауылдық аумақтарды дамыту туралы» Жарлық қабылдаудан бастады. Сондықтан оның маңыздылығы бізге зор жауапкершілік жүктейді», - деді сенатор.
Сапар аясындағы барлық кездесулер мен шаралар барысында елімізде жүргізіліп жатқан конституциялық реформалар, Парламент қабылдаған заңдар мен Президенттің бастамасы бойынша қабылданған шаралар туралы жан-жақты пікір алмасылды.