Сенатор: Аудандық және облыстық баспасөздің мұрағатын сақтау аса маңызды

Сенатор Бибигүл Жексенбай депутаттық сауалында аудандық және облыстық баспасөздің мұрағатын сақтау мәселесінің қаншалықты өзекті екенін көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Оның айтуынша, Қазақстанда екі жүзден астам аудандық және қалалық газет бар, олардың басым бөлігі жүз жылдан аса уақыт бойы үздіксіз жарық көріп келеді. Бұл газеттер өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуын баяндап, жергілікті өзін-өзі басқару органдары қабылдаған ресми шешімдерді жариялап, елді мекендердің күнделікті тіршілігін айна-қатесіз көрсетіп отырған.

Алайда соңғы жылдары аудандық баспасөздің мұрағаттары жүйелі қиындықтарға ұшырап отыр. Редакциялар жабылған немесе қайта ұйымдастырылған жағдайда, жинақталған материалдар жоғалып кетеді немесе мүлде жойылады. Сонымен қатар, елімізде 1930–2000 жылдар аралығында шыққан аудандық газеттер бойынша бірыңғай цифрлық тізілім де, толыққанды электронды қор да әлі күнге дейін қалыптаспаған.

Бибигүл Жексенбай бұл жағдайдың құқықтық тұрғыдан да елеулі қауіп тудыратынын атап өтті. Себебі 1990–2000 жылдары қабылданған көптеген ресми шешімдер тек аудандық газеттерде ғана жарияланған. Ал сол мұрағаттардың сақталмауы азаматтардың өз құқықтарын қорғауына және сот тәжірибесіне кері әсерін тигізуі мүмкін.

Ресми деректерге сәйкес, айтылып жүрген мәселелерге байланысты соңғы үш жылда алты жүзден аса газет пен журналдың қағаз нұсқасы жабылған. Бұл үрдіс, ең алдымен, аудандық және жергілікті газеттерге тән болып отыр. Ал дәл осы басылымдарда жарияланған материалдар көптеген өңірлер үшін баламасы жоқ тарихи, құқықтық және әлеуметтік дереккөз болып табылады. Қағаз нұсқалардың жабылуы мен редакциялардың таратылуы, архивтердің жүйесіз жойылу қаупін күшейтіп, бірқатар проблемалардың қалыптасқанын көрсетеді, - деді Бибигүл Жексенбай.

Сенатордың айтуынша, әлемдік тәжірибе аймақтық әрі жергілікті басылымдардың мұрағатын сақтау мен оларды цифрлық форматқа көшіру көптеген мемлекеттер үшін ұлттық деңгейдегі маңызды міндет саналады. Мәселен, АҚШ, Ұлыбритания, Франция және Германияда мұндай газет мұрағаттары жүйелі түрде ұлттық қорлардың қарауына өткізіледі. Кейін олар біртұтас мемлекеттік бағдарламалар аясында кезең-кезеңімен цифрландырылады.

Барлық облыстар бойынша аудандық және қалалық газеттер архивтеріне толық инвентаризация жүргізіп: архивтердің нақты саны, сақталу жағдайы, цифрлық форматтағы көлемі туралы ресми есеп ұсыну қажет. Аудандық баспасөз архивтерін сақтау, цифрландыру және мемлекеттік архивтерге тапсырудың бірыңғай ұлттық стандартын бекіту керек. АҚШ-тың және Ұлыбританияның үлгісінде Қазақстан Республикасының Біртұтас цифрлық аудандық баспасөз архивін құру жөнінде пилоттық жобаны іске қосу керек деп есептеймін. Бірыңғай электрондық іздеу жүйесін құруға арналған жеке бюджеттік бағдарлама және мақсатты грант көздерін айқындау мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын, - деді сенатор.

Еске салайық, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев газет-журналдар қайта өрлеу дәуірінің бастауында тұр деген болатын. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы