Сенатор Атырау облысындағы өзекті мәселені көтерді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенатор Ғұмар Дүйсембаев Атырау облысының жергілікті мәселелерін шешу тетігін ұсынды. Депутат Премьер-министр Асқар Маминге депутаттық сауал жолдады.

Өңірге сапар кезінде облыстың негізгі мәселесі – жергілікті атқарушы органдар мен депутаттардың бірнеше рет айтқан өтініштеріне қарамастан бүгінгі күнге дейін өзінің оңтайлы шешімін таппаған бюджет мәселесі болды. Атырау облысының 2021 жылға арналған жергілікті бюджеттің кірістері 417 млрд теңгені құрайды. Бұл сомадан 221,4 млрд теңге немесе 53,1%-ы республикалық бюджетке алынады. Бүгінгі күні даму қаражатының тапшылығы өткір мәселе болып отыр, - деді сенатор Ғұмар Дүйсембаев.
2021 жылғы жергілікті бюджетті дамыту бюджетінің 93,5%-ы ауыспалы инвестициялы жобаларды жүзеге асыруға бағытталған. Ал жаңа жобаларға небәрі 6,5% қаралған.

2018-2020 жылдары басталған бюджеттік инвестициялық жобаларды толық аяқтауға жергілікті бюджеттен 88 млрд теңге қосымша қажет болып отыр. Сонымен қатар аймақ тұрғындары үшін бірқатар іс-шараны жүзеге асыру қажеттілігі бар.

Оның айтуынша, биыл облыс бойынша апатты жағдайдағы 81 үй бар. 4 апатты және үшауысымды 11 мектеп бар. Тұрғын үй алу кезегінде 29 мың адам, жер телімін алуға 118 мың адам тіркелген.

Осыған байланысты сенатор облысты дамытуға республикалық бюджеттен нысаналы трансферттерді ұлғайтуды ұсынып отыр.

Атырау үшін алып қоюлар мен трансферттердің басқа өңірлермен салыстырғанда анағұрлым төмен арақатынасына назар аударғымыз келеді. Аталған мәселені шешу үшін 2022-2023 жылдарға арналған республикалық бюджеттен облысты дамытуға мақсатты трансферттерді алып қою сомасынан 70%-нан кем емес мөлшерде ұлғайту ұсынылады, - деп атап өтті Ғұмар Дүйсембаев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы