Бүгiн 2026, 14:48
Фото: ©BAQ.KZ архиві
Сенатор: Астана медицина университетіне ұлттық статус беру керек
Депутат жоғары оқу орнының мүмкіндіктерін күшейту – уақыт талабы деп атады.
Сенатор Нұртөре Жүсіп депутаттық сауалында еліміздегі жетекші медициналық жоғары оқу орындарын одан әрі дамыту қажеттігін көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес Қазақстанда медициналық көмектің сапасын арттыруға және білікті мамандар даярлауға бағытталған денсаулық сақтау саласындағы жүйелі реформалар жүзеге асырылып жатыр. Депутат көпжылдық тарихы бар әрі халықаралық деңгейде танылған Астана медициналық университеті кадр даярлау мен саланың дамуына айрықша үлес қосып отырғанын атап өтті. Сондықтан жоғары оқу орнының мүмкіндіктерін одан әрі күшейту уақыт талабына айналып отырғанын жеткізді.
Университет бакалавриаттан бастап резидентура, магистратура және PhD докторантураға дейінгі барлық деңгейде 80-нен астам білім беру бағдарламасын іске асырады. Университетте 11 мыңнан астам білім алушы, оның ішінде 20 елден 700-ден астам шетелдік студент оқиды. Соңғы 3 жылда мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі 99%-ды құрады. Университеттің стратегиялық бағыты – профилактикалық медицина және халық денсаулығын сақтау. Бұл бағыт отандық денсаулық сақтау мектебінің негізін қалаушылардың бірі, мемлекет және қоғам қайраткері Төрегелді Шарманұлының ғылыми мұрасымен толық үйлеседі, - деді Нұртөре Жүсіп.
Осыған орай сенатор Астана медицина университетіне «Ұлттық университет» мәртебесін беру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Сонымен қатар жоғары оқу орнына академик Төрегелді Шармановтың есімін беру бастамасын көтерді. Ол бұл ұсыныстарды жүзеге асыру үшін қажетті құқықтық және ұйымдастырушылық тетіктерді жан-жақты пысықтау маңызды екенін де атап өтті.