Сенатор апаттық жағдайдағы тұрғын үй иелерінің мәселелерін шешуді ұсынды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенаттың жалпы отырысында депутат Нариман Төреғалиев апаттық жағдайдағы тұрғын үй иелерінің мәселелерін шешуді ұсынды.
Депутат осы мәселеге қатысты сауалды Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа жолдады.
Сенатор 11 қаңтарда Мемлекет басшысы қойған міндеттердің айтарлықтай көлемі нақты өңірлік проблемаларды шешуге бағытталғанын атап өтті.
Депутаттық сауалында Төреғалиев бірнеше жыл бойы Батыс Қазақстан облысында апатты жағдайдағы тұрғын үй иелерінің мәселелері шешілмей отырғанына тоқталды. Олардың құқықтарын қорғауды күшейту үшін депутат «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға өзгерістер енгізуді ұсынды. Себебі, апатты, бірақ меншікті тұрғын үйден шығарылған жағдайда, оның иелері жаңа, бірақ жалға берілетін пәтерлерді алады.
Қазіргі уақытта адамдар апаттық жағдайда болса да, өздерінің жалғыз жеке тұрғын үйлерінен айырылмауы маңызды. Сондықтан жалға берілетін тұрғын үйде тұрудың белгілі бір мерзімінен кейін олар коммуналдық пәтерлерді қалдық құны бойынша жекешелендіруі немесе сатып алуы мүмкіндігі болуы маңызды, - деп атап өтті сенатор.
Оның сөзінше, «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға сәйкес, тұрғындар коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алғандықтан, олардың меншік құқығындағы авариялық тұрғынжайлары коммуналдық меншікке қабылданды.
Осылайша бір мезетте азаматтар жалғыз баспаналарынан айырылып, жалдамалы пәтерлерге ауыстырылды. Тұрғындардың басым көпшілігі аз қамтылған азаматтар екендігін атап өткен жөн. Үйлерін жеке меншікке беру бойынша тұрғындар өз тарапынан, облыс, қала әкімдерінің атына хат жолдап, мәселені Сенат депутаттарының алдында да көтерген болатын. Жергілікті әкімдік тарапынан, көтеріліп отырған мәселелер бойынша қолданыстағы Заң талаптары түсіндірілгенмен, мәселе түбегейлі шешілмегендіктен, халықтың наразылығы туындауда. Осы ретте, көтеріліп отырған мәселе тек Батыс Қазақстан облысының проблемасы емес, еліміздің барлық өңірлеріне де қатысы бар, - деп түсіндірді Нариман Төреғалиев.