Сенатор агроөнеркәсіп кешенін дамыту проблемаларын жария етті

Сенатор Сәкен Арубаев еліміздің Премьер-Министрінің атына жолдаған депутаттық сауалында агроөнеркәсіп кешенінің дамуын тежеп отырған проблемалар туралы айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Депутаттың айтуынша, ауыл шаруашылығының экономикадағы үлесі 5%-дан аспайды және ауыл шаруашылығы өнімі экспортының көлемі де басқа салалармен салыстырғанда өте төмен. Мемлекеттік бюджеттен қомақты субсидияға қарамастан, аграрлық сала әлі де қиындықтарға тап болуда. Стратегиялық жоспарлау мен талдау жұмысының болмауы мемлекеттік қолдау шараларын дұрыс пайдаланбауға алып келеді. Шаруаларға берілетін несие мәселесі жолға қойылмаған. Бүгінде ауылшаруашылығына бөлінетін қаржы шашыраңқы және түрлі бағдарламаларға бөлініп кеткен. Сондықтан да берекесі жоқ.

Салалық министрліктер мен ведомстволар тек өз көрсеткіштеріне немесе бекіткен индикаторына қол жеткізу үшін жұмыс жасауда және олар шешім қабылдау кезінде ауыл шаруашылығына тигізер кері әсерін талдамайды. Соның салдарынан бүкіл сала зардап шегеді, - деді Сәкен Арубаев.

Сонымен қатар, сенатор соңғы екі жылда ауыл шаруашылығы өнімдерінің 15 түрін әкетуге шектеулер қойылғанын атап өтті. Нәтижесінде бизнес келісімшарттарды бұзу, қоймалардағы толып жатқан өнімді жою және өндірісті тоқтату сияқты жағымсыз салдарға тап болды.

Еліміздің ауыл шаруашылығының ерекше маңыздылығын ескере отырып, саланы дамыту үшін барлық мемлекеттік органдардың жаңа шешімдер қабылдауында агросаясатқа қайшы келмеуі немесе жаңа кедергілер туғызбауы тиіс. Мемлекеттік қолдау шараларына бағытталған қаражатты бөлу барысында, өңірдің климаттық табиғи топырақтың құнарлығы секілді басым бағыттарына, ішкі сыртқы нарықты жан-жақты саралай отырып шешімдер қабылдауды, екіншіден салалық министрліктер мен ведомстволар жылдық атқарылуы тиіс көрсеткіштерді немесе индикаторды бекіту барысында агроөнеркәсіпке тигізетін әсерін қадағалау керек, - деді Сәкен Арубаев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: скрин
Өзгелердің жаңалығы