Сенатор: 2040 жылға қарай Қазақстанда ауызсу тапшылығы 50%-ға дейін жетуі мүмкін
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенатор Әбдәлі Нұралиев Премьер-министр Асқар Маминнің атына депутаттық сауал жолдады. Ол сауалында су тапшылығына байланысты мәселелерді көтерді.
Депутаттың айтуынша, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ақпаратына сәйкес Қазақстанда 2040 жылға қарай ауызсу 50%-ға дейін тапшы болуы мүмкін.
Ғалымдардың болжамдары мұны климаттық өзгерістермен және көрші елдердегі трансшекаралық өзендерден су тұтыну көлемінің ұлғаюымен байланыстырып отыр. Еліміздің тау көлдеріне «Қазгидромет» жүргізген көп жылдық бақылау нәтижесі бойынша өткен жылы қар жамылғысы 40%-дан 82%-ға дейін төмендегені анықталып отыр, - деп айтты Әбдәлі Нұралиев Сенатта.
Сенатордың сөзінше, Жамбыл облысы мен Түркістан облысының диқандары су алып отырған Қырғызстандағы су қоймаларында су көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 3,1 млрд текше метрге аз жиналды. Осыған байланысты біздің еліміздің және көрші мемлекеттердің көптеген су қоймаларында су деңгейі тұрақты түрде төмендеп келеді және бұл үрдіс соңғы үш жыл бойы сақталуда.
Сенатор өзінің депутаттық сауалында бірқатар нақты қадамды ұсынды, олардың орындалуы осы мәселені шешуге көмектесуі тиіс.
Су ресурстарының болжамды тапшылығын азайту мақсатында елімізде жер асты су қорларын зерттеу мен қайта бағалауды жандандыру қажет. Сондай-ақ, ұңғымаларды қазуға бөлінетін субсидиялардың көлемін ұлғайту керек. Одан басқа, Қазақстанның бірқатар облыстарын сумен қамтамасыз етіп отырған Шу және Талас өзендерінің бойынан Қырғыз Республикасының «Бурулдай» су қоймасы мен «Бала-Саруу» ГЭС-ін салу жоспарларына байланысты тиісті шараларды қарау қажет, - деді Әбдәлі Нұралиев.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Келесі жаңалық
Елімізде алдағы үш күнде қандай ауа райы күтіледі?
Өзгелердің жаңалығы