Бүгiн 2026, 13:07 Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Сенат Жоғарғы соттың үш судьясын қызметінен босатуды қолдады

Сенаторлар бірқатар халықаралық келісімді ратификациялады.

Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты судьяларының өкілеттігін тоқтату және оларды қызметінен босату туралы мәселені қарады. Сондай-ақ күн тәртібіне шығарылған бірқатар халықаралық құжатты ратификациялады, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Палата отырысы барысында депутаттар Асқаржан Кенжеғаринді, Ғазиза Мұсабекованы және Бейбіт Шермұхаметовті Жоғарғы Сот судьялары қызметінен босату туралы Мемлекет басшысының ұсынуын қарады. Бұл мәселе Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінде алдын ала талқыланды. Соның қорытындысы бойынша депутаттар Мемлекет басшысының ұсынуын қолдау жөнінде шешім қабылдады.

Сондай-ақ Палата отырысында депутаттар «Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілетін тауарлардың шығарылған жерін айқындаудың үйлестірілген жүйесі туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Отырыста аталып өткендей, Келісімді ратификациялау экспорттық ағындарды бақылаудың үйлестірілген тетігін құруды қамтамасыз етеді, ЕАЭО-ның ішкі нарығын қорғауға мүмкіндік береді және сыртқы экономикалық қызметтің адал қатысушылары үшін қолайлы жағдайлар жасайды.

Қаралған заң Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде өндірілген тауарларды үшінші елдерге әкету кезінде туындайтын реттеу шараларын жетілдіреді. Атап айтқанда, тауарлардың шығарылған жерін айқындау, куәландыру және растау саласында бірыңғай тәсілдерді қолдану қарастырылған. Жалпы, бұл заңды мақұлдау Еуразиялық экономикалық одақ қызметінің тиімділігін арттыруға оң ықпалын тигізеді деп сенеміз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Келісімде электрондық верификация жүйелерін құру арқылы рәсімдерді цифрландыру мәселелері де регламенттелгенін атап өткен жөн. Бұл үшінші елдердің құзыретті органдарына сертификаттардың түпнұсқалығын нақты уақыт режимінде жедел тексеруге мүмкіндік береді. Ол қазақстандық тауарлардың сыртқы нарықтарға қолжетімділігін айтарлықтай жеңілдетеді.

Сонымен қатар Палата отырысында «2021 жылғы 16 ақпандағы Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттері талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылауды (қадағалауды) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің көрсетілген саладағы заңнамасын үйлестіру мақсатында жүзеге асыру қағидаттары мен тәсілдері туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң қаралып, мақұлданды. Оның негізгі міндеті – Хаттаманы қабылдау үшін заңнамада белгіленген тәртіпке сәйкес мемлекетішілік рәсімдерді жүргізу.

Құжат ЕАЭО елдерін анықталған ақаулар мен техникалық бақылаудан өтпеген өнімдер туралы бір-бірін жедел хабардар етуге міндеттейді. Бұл ерте ескерту жүйесін қалыптастыруға және тұтынушыларға қауіп төндіретін тауарлардан ішкі нарықты «тазартуға» мүмкіндік береді.

Отырыс барысында сенаторлар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Аустрия Республикасының Федералдық Үкіметі арасындағы заңсыз жүрген адамдарды реадмиссиялау және транзиттеу туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды да қарап, мақұлдады. Мәулен Әшімбаев атап өткендей, Келісімде заңсыз жүрген адамдарды реадмиссиялау және транзиттеу тетіктерін іске асыруға бағытталған құқықтық, әкімшілік, рәсімдік шаралардың регламенттелген жүйесі көзделген.

Қаралған келісім Қазақстан мен Аустрия арасындағы заңсыз көші-қон арналарының алдын алуға арналған бірлескен тетіктерді әзірлеуге және іске асыруға бағытталған. Осы заң арқылы реадмиссия мен транзиттеудің құқықтық тетіктері айқындалып отыр. Сондай-ақ Келісім тараптардың құзыретті органдарының заңсыз көші-қон саласындағы ынтымақтастығын арттыруды көздейді. Алдағы уақытта бұл заң екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты одан әрі дамытуға оң ықпалын тигізеді деп сенеміз, – деді Палата өрағасы.

Заң әрбір мемлекеттің өз азаматтарын, сондай-ақ, болу немесе кіру қағидаларын бұзған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды кері қабылдауға міндетті екенін ресми түрде бекітеді. Осыған байланысты заңда қайтару туралы сұрау салу тәртібі мен оған жауап беру мерзімдерін қоса алғанда, барлық рәсімдер егжей-тегжейлі нақтыланған. Одан бөлек, тұлғаларды сәйкестендіру рәсімдері, оның ішінде азаматтығын құжаттамалық растау, әңгімелесу өткізу және әртүрлі деңгейдегі дәлелдемелерді пайдалану тәртібі регламенттелген.