Сенат жанындағы жас сарапшылар клубы жаңа экономикалық үлгіні талқылады
Бүгін Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата жанындағы Жас сарапшылар клубының отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесуге қатысушылар Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында айтылған еліміздің экономикалық дамуының жаңа парадигмасын және оны іске асыру тетіктерін талқылады.
Сенат Төрағасы өз сөзінде жаңа экономикалық үлгінің перспективаларына назар аударды. Сондай-ақ ол кәсіпкерлік әлеуетті және басқа да маңызды факторларды ескере отырып, экономиканы әртараптандыру керектігіне баса мән берді.
Президентіміз еліміздің экономикалық саясатының сапалы жаңа үлгісіне көшу үшін маңызды міндеттерді белгілеп берді. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, қаржы салаларының серпінді дамуын одан әрі нығайту үшін кешенді шаралар қабылданады, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар іс-шарада өңірлердің дербестігін арттыруға арналған бастамалардың маңызды екені айтылды. Мәулен Әшімбаев бұл қадам еліміздің одан әрі теңгерімді дамуына ықпал ететінін атап өтті. Осыған байланысты Сенат Спикері мүдделі тараптарды жүйелі өзара іс-қимыл орнатуға шақырды.
Әкімшілік реформалардың аясында орталықтан өңірлерге бірқатар құзырет, оның ішінде салықтарды пайдалану бойынша өкілеттіктер беріледі. Осы орайда Мемлекет басшысының реформаларын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін Сенат Мәжілістегі, Үкіметтегі әріптестерімен, сарапшылармен және мүдделі азаматтармен бірлесіп, сапалы жұмыс істеуді көздейді, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ отырыс барысында Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының мүшелері сөз сөйлеп, жаңа экономикалық бағдарды іске асыруға қатысты өз ұсыныстарын жеткізді. Нақты айтқанда, «Desht» талдау орталығының басшысы Қуаныш Жайықов, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы ҚСЗИ экономикалық саясатты талдау бөлімінің басшысы Анна Альшанская, «Applied Economics Research Centre»-дің консультанты Евгения Пак, жобалық басқару саласының сарапшысы Александр Ким, Big data-мен жұмыс бойынша аналитик Роллан Сапышев және тағы басқа сарапшылар қауымдастығының өкілдері баяндама жасады.