Сенат жаңартылатын энергия көздеріне қатысты заңды мақұлдады
Бүгін Сенат «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау және электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды мақұлдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Заңның мақсаты жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі қолданыстағы заңнаманы жетілдіру. Заңда халық, шағын және орта бизнес, шаруа және фермер қожалықтары арасында жаңартылатын энергия көздері (бұдан әрі – ЖЭК) технологияларын пайдалануды ынталандыру мақсатында қуаты 200 киловаттқа дейінгі «жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын ауқымы шағын объект» ұғымы енгізіледі.
«Қазақстан Республикасының жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасына» сәйкес еліміз 2030 жылға қарай жалпы электр энергиясын өндірудегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 10%-ға жеткізуі тиіс; және 2050 жылға қарай жалпы электр энергиясын өндірудегі баламалы және жаңартылатын энергия көздерінің 50% үлесін құру қажет. Дегенмен, ұлттық деректерге сәйкес, 2023 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстанда жаңартылатын энергияның үлесі өндірілген электр энергиясының тек 6% құрады, - деді сенатор Әлібек Нәутиев.
Заң электр энергиясын сататын жеке тұлғалардың нетто-тұтынушы ретінде жеке кәсіпкер болып тіркелу қажеттілігін жояды. Бұл норма жаңартылатын энергияны пайдаланушылардың санын арттыруға әрі сәйкесінше электр желілеріне жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Бұдан басқа, Коммуналдық меншіктегі Өңірлік электр желілері компаниясының желілерін бюджет қаражаты есебінен несиелендіру, реконструкциялау және жаңғырту мүмкіндіктерін заңнамалық тұрғыдан бекіту энергетика саласының инфрақұрылымын жаңартуға мүмкіндік береді. Заңның нормалары жылу электр станцияларын жаңғырту тәртібін жетілдіруге бағытталған. Инвестициялық тартымдылықтың төмендігіне байланысты жылумен жабдықтау секторындағы ағымдағы жағдайды, сондай-ақ тарифтерді көтерудің өткір әлеуметтік маңыздылығын және Республикалық маңызы бар қалалардағы экологиялық ахуалдың нашарлауын ескеріп, сондай-ақ, инвестициялық келісімдер шеңберінде жабдықтарды газға ауыстыра отырып, жылу электр станцияларын жаңғырту мүмкіндіктері қамтамасыз етіледі, - деді сенатор.
Заңды қабылдаудың оң әсерлерінің қатарына мыналарды атап айтуға болады:
- күнделікті өмірде жаңартылатын энергия көздерін белсенді енгізу,
- жаңа жұмыс орындарын құру,
- желілік инфрақұрылымды одан әрі дамыту,
- елдің энергетика секторына инвестициялар тартуға ықпал ету.