Сенат вице-спикері Иран Президентін ұлықтау рәсіміне қатысты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Парламент Сенаты төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Иран Ислам Республикасының Президенті Ибрахим Раисиді ұлықтау рәсіміне қатысты.
Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады. Иран Ислам Республикасы Парламентінің ғимаратында өткен рәсім кезінде Ибрахим Раиси ресми түрде қызметке кірісіп, елдің жоғарғы заң шығарушы органы депутаттарының алдында ант берді.
Тегеранда болған кезде Иран Мәжілісінің төрағасы Мухаммад Галибафпен кездесу болды, оның аясында тараптар Қазақстан-Иран қатынастарының жай-күйі мен келешегін, сондай-ақ өзара мүдделілік тұрғысында халықаралық күн тәртібінің мәселелерін талқылады.
Иран Ислам Республикасы Мәжілісіндегі «Иран-Қазақстан» достық тобының жетекшісі Голам Нуримен келіссөз жүргізіліп, екіжақты сипаттағы және халықаралық ұйымдар аясындағы парламентаралық ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Сенат төрағасының орынбасары Иран Ислам Республикасының Мақсатты белгілеу жөніндегі кеңесінің хатшысы Мохсен Резаимен кездесті, ҚР Парламенті қызметінің негізгі бағыттары, сондай-ақ қазіргі уақытта Қазақстанда жүргізіліп жатқан өзгерістер туралы хабардар етілді.
Мақсатты белгілеу жөніндегі кеңес – Иранның жоғарғы көшбасшысы жанындағы биліктің барлық тармақтарын қадағалайтын өкілеттіктерге ие әкімшілік құрылым болып табылады. Кеңес құрамына Иранның бұрынғы президенттері мен көрнекті қайраткерлері кіреді.
Асқар Шәкіров инаугурациялық шаралар аясында оған қатысқан шетел делегация басшыларымен жұмыс бабындағы бірқатар кездесулер өткізді.
Ибрахим Раиси Иранда 18 маусымда өткен президенттік сайлауда жалпы дауыс санының 61,95%-ын жинап, жеңіске жеткен болатын.