Сенат үш жылға арналған республикалық бюджет туралы заңды қабылдады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенат «2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қабылдады.
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда депутаттар «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2022 – 2024 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгеріс енгізу туралы» заң жобасы мен «2022 – 2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қабылдады.
Құжаттарға сәйкес, Ұлттық қордан республикалық бюджетке 2022 жылы кепілдендірілген трансферт көлемі 4 030 миллиард теңгеге дейін өседі. Бұл қаражат еліміздің экономикалық және инфрақұрылымдық дамуын одан әрі қамтамасыз етуге жұмсалады.
Ұсынылып отырған түзетулер, басқалармен қатар, Мемлекет басшысының азаматтарды әлеуметтік қорғауды күшейту жөніндегі тапсырмаларын орындауға бағытталған. Толықтырулардың қатарында халықтың табысын арттыру бағдарламасын, Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспарын, өңдеу өнеркәсібі мен кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасын, қаңтар оқиғасының зардаптарын жоюды, жауынгерлік әзірлікті арттыруды және құқық қорғау органдары мен төтенше жағдайларды жабдықтау, сондай-ақ өңірлерді дамыту көзделген.