Сенат трансферттер туралы заңды Мәжіліске кері қайтарды

Сенаттың жалпы отырысында "Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы 2026-2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы" заң қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сенат заңның жекелеген баптарын редакциялап, оны Мәжіліске қайтарды.

Заңға сәйкес, жалпы сипаттағы трансферттердің мөлшері республикалық бюджет пен облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астана бюджеттерінің арасында бірнеше жылға бөлініп, үш жылдық кезеңге нақты көлемде бекітіледі.

Заңның негізгі міндеттері қандай?

Құжатта өңірлердің бюджеттік қамтамасыз етілу деңгейін теңестіруге, сондай-ақ мемлекет кепілдік берген қызметтерді халыққа бірдей деңгейде көрсетуге қажетті жалпы сипаттағы трансферттердің нақты көлемі айқындалады.

Жалпы сипаттағы трансферттердің мөлшері әрбір жергілікті бюджеттің болжамды кірісі мен шығысының айырмашылығына қарай есептеледі.

Бұл трансферттерге белгіленген көлемде бөлінетін бюджеттік субвенциялар мен бюджеттен алынатын алып қоюлар кіреді.

Бюджеттік субвенциялар:

2026 жылға – 5 154 067 833 мың теңге;

2027 жылға – 6 357 838 886 мың теңге;

2028 жылға – 6 796 559 470 мың теңге.

Бюджеттік алып қоюлар:

2026 жылға – 879 947 069 мың теңге;

2027 жылға – 1 079 818 403 мың теңге;

2028 жылға – 1 400 607 718 мың теңге.

Қаржы және бюджет комитеті «Қазақстан Республикасы Парламентінің комитеттері мен комиссиялары туралы» Қазақстан Республикасы Заңы 29-бабының 7) тармақшасын басшылыққа ала отырып, «Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы 2026 – 2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы» Қазақстан Республикасының Заңын Сенат отырысының қарауына енгізеді және Қазақстан Республикасы Конституциясы 61-бабының 4-тармағына сәйкес Заңның жекелеген баптарын мақұлдамауды және Заңның көрсетілген баптарының жаңа редакциясын ұсына отырып, оны Мәжіліске қайтаруды ұсынады, - деді сенатор Сұлтанбек Мәкежанов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы