Сенат төрағасы Өзбекстан елшісімен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Өзбекстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Саидикрам Ниязходжаевпен кездесті, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.

Жүздесушілер парламентаралық байланыстарды, сондай-ақ экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелерін талқылады.

Өзбекстан - Қазақстанның Орталық Азия өңіріндегі негізгі сауда әріптесі. Біз мемлекеттер басшыларының сауда-экономикалық және шекара маңындағы ынтымақтастық байланыстары жөніндегі келісімдеріне зор маңыз береміз. Сонымен қатар мәдени-гуманитарлық, әлеуметтік және басқа салалардағы өзара тиімді іс-қимыл қарқынды дамып келеді, - деп атап өтті Сенат төрағасы.

Мәулен Әшімбаев Қазақстан Республикасы Мәжілісі мен мәслихатының биылғы 10 қаңтарда өткен сайлауын байқауға өзбек тарапының белсенді қатысқаны үшін Саидикрам Ниязходжаевқа алғысын білдірді, сондай-ақ осы шараның елді одан әрі дамытудағы маңызына тоқталды.

Сайлау науқаны басталғанға дейін Президенттің бастамасымен саяси реформалар топтамасы қабылданды. Ол жаңарулар біздің еліміздің саяси жүйесін одан әрі жаңғыртуға бағытталған болатын. Оны іске асыру үшін Парламент саяси партиялар және сайлау туралы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізді. Парламенттің VII шақырылымының ашылуында Мемлекет басшысы әлеуметтік, экономикалық және саяси салаларды дамыту жөніндегі жаңа бастамаларды жария етті, - деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат төрағасы Қазақстан мен Өзбекстанның барлық салалардағы қарым-қатынасы жоғары қарқынмен дамып келе жатқаны байқалып отырғанын атап өтті. Сондай-ақ бүкіл Орталық Азия өңірінің табысты экономикалық дамуы, тұрақтылығы мен қауіпсіздігі негізінен Қазақстан мен Өзбекстанның өзара тығыз әрі келісілген іс-қимылына байланысты екені айтылды.

Мәулен Әшімбаев сондай-ақ сенаторлар биыл Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы парламентаралық ынтымақтастықты нығайтуда белсенді жұмыс істеуді жоспарлап отырғанына тоқталды.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы