Сенат Төрағасы Мемлекет басшысының Рим Папасына жолдаған арнайы хатын берді

Парламент Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев бастаған бір топ депутат жұмыс сапарымен Ватиканға барды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сапар аясында қазақстандық делегация мүшелері Рим Папасы XIV Леоның аудиенциясында болды және Қазақстанның конфессияаралық бастамалары мен Ватиканның рухани көшбасшылығына арналған халықаралық дөңгелек үстелге қатысты. Конференция алаңында Мәулен Әшімбаев Қасиетті Тақтың Дінаралық диалог жөніндегі дикастериясының префекті кардинал Джордж Кувакадпен және өзге де дін істері ұйымдарының өкілдерімен екіжақты кездесулер өткізді.

Сенат Төрағасы Рим Папасы XIV Леоға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебізін және елімізге Апостолдық сапармен келу жөніндегі шақыруын жеткізді. Мәулен Әшімбаев кездесуде Қазақстанның Ватиканмен көпжоспарлы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін атап өтті.

"Түрлі этникалық және діни қауымдастықтардың құтты мекені саналатын Қазақстан Қасиетті Тақтың бейбітшілікті, үйлесімділікті және өзара құрметті дәріптеу жөніндегі бастамаларымызды үнемі қолдап келе жатқанын жоғары бағалайды. Қазақстан мен Ватикан арасындағы айрықша достық пен ынтымақтастық қалыптасқан сабақтастыққа табан тіреп, нығайып келеді. Аса Қасиетті, Сіз бүгінде өзара қарым-қатынасты жаңартылған тәсілдер негізінде дәйекті түрде одан әрі дамытып отырсыз. Біз Ватиканның Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне көрсеткен тұрақты қолдауы үшін ерекше ілтипатымызды білдіреміз. Сіздің VIII Съезд қатысушыларына үндеуіңіз осы форумның Қорытынды декларациясымен бірге жаһандық диалогты нығайту және экстремизм мен төзбеушілікке қарсы іс-қимыл жолындағы рухани бағдар ретінде қызмет етеді. Аса Қасиетті, Өзіңізге қолайлы уақытта Апостолдық сапармен Қазақстанға келуіңіз біз үшін үлкен мәртебе болар еді. Мұндай сапар өңіріміздегі әралуан қоғамның өкілдерін жігерлендіріп, әділетті әрі үйлесімді халықаралық тәртіпті көздейтін ортақ ұмтылысымызға тың серпін береді сенемін", – делінген Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Рим Папасы XIV Леоға жолдаған арнайы хатында.

Мәулен Әшімбаев аудиенция үшін алғыс білдіре отырып, Ватикан делегациясы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII Съезінің Қорытынды декларациясын әзірлеуге белсенді қатысқанын атап өтті. Сондай-ақ ол Съезд Хатшылығының Декларация ережелерін іске асыру мақсатымен жүргізіп жатқан жұмысына тоқталды.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ватиканмен қарым-қатынасты нығайтуға үнемі баса мән береді, сондай-ақ, Сіздің дінаралық және мәдениетаралық диалогты нығайту жөніндегі күш-жігеріңізді жоғары бағалайды. Қасиетті Тақтың өкілдері Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII Съезінің Астана бейбітшілік декларациясы-2025 атты қорытынды құжатын әзірлеуге белсенді қатысты. Съезд Хатшылығы Декларацияны іске асыру аясында діни ұйымдардың климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі рөлі туралы құжат дайындау жұмыстарын қолға алды. Сондай-ақ дін көшбасшыларының көзқарасын ескере отырып, Жасанды интеллектіні дамытудың этикалық кодексін әзірлеуді де бастадық. Біз ғылыми-технологиялық прогресс шеңберінде рухани құндылықтарға басымдық беру идеясын дәріптейтін Қасиетті Тақтың осы саладағы көшбасшылығын жоғары бағалаймыз. Бұл мәселеде Католик шіркеуінің институттарымен белсенді өзара іс-қимыл орнатуға дайынбыз, – деп, Мәулен Әшімбаев Рим Папасына діни сенімі үшін қаза тапқандарды еске алу белгісі ретінде Қазақстан аумағында қуғын-сүргінге ұшыраған католик діні қызметкерлерінің тізімін табыс етті.

Өз кезегінде, Рим Папасы XIV Лео Қазақстанның түрлі діндердің өкілдері арасындағы бейбітшілікті жолға қою және жаһандық деңгейде өркендеуді ілгерілету жөніндегі бастамаларын жоғары бағалайтынын жеткізді. Понтифик қазіргі сын-қатерлер жағдайында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі аясында жасалып жатқан ізгі амалдар мен қадамдардың маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ ол Қасиетті Тақ тарапы мұндай миссияны үнемі қолдайтынын айтты.

Қазақстан мен Ватиканның бейбітшілікті, диалог пен өзара түсіністікті ілгерілету жөніндегі бірлескен бастамаларына арналған дөңгелек үстел барысында дін көшбасшыларының қазіргі рөлі мен рухани дипломатияның маңызы жан-жақты талқыланды.

Мәулен Әшімбаев бүгінде рухани көшбасшылар діни сеніміне, этникалық тегіне және саяси көзқарасына қарамастан әртүрлі мәдениеттер, діндер мен халықтар арасындағы қарым-қатынастың берік көпірін қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Өйткені дін лидерлері қоғамда адамгершілік пен бірліктің қажеттілігі артқан кезде дұрыс бағдарды айқындап, оң құндылықтар жүйесін насихаттауға ықпал ете алады. Сонымен бірге ол Съезд Хатшылығы мен Ватикан Дикастериясының Астана бейбітшілік декларациясын іске асыру барысындағы бірлескен жұмысына арналған маңызды міндеттерге назар аударды. Мәулен Әшімбаев өз сөзінде Қазақстан Президенті жаңа жаһандық қозғалыс қалыптастыруға, климаттық өзгерістерге қарсы күрес шараларына және заманауи технологиялар мен жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдалануға баса мән беріп отырғанын тілге тиек етті.

Рухани көшбасшылар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бейбітшілік жолында жаңа жаһандық қозғалыс қалыптастыру жөніндегі бастамасына қолдау білдірді. Бұл – халықаралық диалогты жандандыруға және келіспеушіліктер мен қақтығыстарды еңсеруді, халықтар арасындағы сенімді нығайтуды, бейбітшілік пен әділеттілік мұраттарын орнықтыруды қалайтын барлық қоғамның күш-жігерін біріктіруге бастайтын маңызды қадам. Осы орайда халықаралық ұйымдармен, оның ішінде ең алдымен, Біріккен Ұлттар Ұйымымен ынтымақтастық үлкен рөл атқарады. Алдағы уақытта да Астана бейбітшілік декларациясының негізгі ережелерін іске асыру жолында Дикастериямен сындарлы өзара іс қимылымызды әрі қарай жалғастыра береміз деп сенеміз, – деді Сенат Төрағасы.

Дөңгелек үстел аясында Қазақстандағы Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы мен Ватиканның Дінаралық диалог жөніндегі Дикастериясы арасында меморандумға қол қойылды. Құжат өзара мойындауды бекітіп, тараптардың дінаралық және конфессияаралық дипломатия саласындағы ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ, институционалдық серіктестікті нығайтуға арналған міндеттемелерге бейіл екені растайды. Өзара түсіністік туралы меморандум екі тарап та мүдделі салаларда озық тәжірибемен және біліммен алмасуды көздейтінін де атап өткен жөн..

Сонымен қатар бұл күні Сенат Төрағасы Қасиетті Тақтың Дінаралық диалог жөніндегі дикастериясының префекті кардинал Джордж Кувакадпен екіжақты кездесу өткізді. Онда екі елдің мәдениетаралық және дінаралық диалог саласындағы ынтымақтастығының басым бағыттары сөз болды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Қазақстан Республикасы Сенатының баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы