Сенат төрағасы: Әлеуметтік кәсіпкерлікке жүйелі қолдау көрсетілуде
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жұмыс сапарымен Алматы облысына барды. Сапар барысында облыстың және Алматы қаласының әлеуметтік кәсіпкерлерімен кездесті.
Сондай-ақ, агроөнеркәсіп кешенін дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламаның өңірде іске асырылу барысымен танысты.
Әлеуметтік кәсіпкерлермен кездесуге қатысушылар осы саланы өркендету перспективаларын талқылап, өз ұсыныстарын жеткізді.
Сенат Спикері соңғы жылдарда әлеуметтік кәсіпкерліктің экономикалық дамудағы рөлі артқанын, сондықтан мемлекет тарапынан бұл саланы жетілдіруге ерекше көңіл бөлініп келе жатқанын айтты.
Әлеуметтік кәсіпкерлік жаңа бағыттардың бірі. Оның болашағы зор. Бұл сала табыс табумен қатар, азаматтардың өзекті әлеуметтік мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Сондықтан Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев кәсіпкерліктің бұл түріне баса мән беріп келеді, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ, ол Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуды көздейтін заң әзірленіп, қабылданғанын тілге тиек етті. Аталған құжат сенаторлардың бастамашыл болуымен даярланғанын айта кеткен жөн.
Бұл заңда алғаш рет әлеуметтік кәсіпкерлікке заңнамалық тұрғыдан түсінік берілген. Осы заң арқылы әлеуметтік кәсіпкерлерді қолдауға арналған нақты шаралар да анықталды. Атап айтқанда, салықтық жеңілдіктер мен несиенің үстеме ақысын субсидиялау және жалдау құнын төлеу сияқты қаржылай қолдаулар қарастырылған. Мемлекет меншігіндегі ғимараттарды жеңілдікпен жалға беру мүмкіндігі де назарға алынды. Одан бөлек, мемлекет тарапынан әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру үшін гранттар бөлінеді, – деді Сенат Төрағасы.
Мәулен Әшімбаев елімізде әлеуметтік кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдау үшін аса маңызды қадам жасалғанын айтты. Ол өз сөзінде алдағы уақытта сенаторлар бұл саланы одан әрі қолдауға арналған жаңа тетіктерді ұсынуға және оларды талқылауға дайын екенін жеткізді.
Сонымен қатар Сенат Спикері сапар аясында аграрлық бағытта табысты жұмыс істеп келе жатқан көп салалы «Байсерке-Агро» компаниясының жұмысымен танысты.
Шаруашылыққа арнайы келген Мәулен Әшімбаев компанияның Ғылыми-өндірістік оқыту орталығына ат басын бұрып, зерттеу жұмыстарына назар аударды. Агрохолдингтің демонстрациялық алқабы мен ауылшаруашылық техникаларының жұмысына көңіл бөлді. Одан бөлек, Сенат Төрағасы агроөнеркәсіп кешенінің ғылыми және техникалық жетістіктер көрмесімен, селекциялық жолмен асыл тұқымды мал алу жұмыстарымен және сүт, жылқы өнімдерін алудың роботтандырылған тәсілімен танысты.
Жоғарғы Палата Спикері Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөліп келе жатқанын айтып, агроөнеркәсіп кешенін қолдау Сенат жұмысының да негізгі басымдықтарының бірі екенін тілге тиек етті.
Президентіміздің бастамашы болуымен жер қатынастарына қатысты арнайы заң жобасы әзірленіп, қабылданды. Соған сәйкес ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге біржола нүкте қойылды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Жер реформасы жөніндегі комиссия құрылып, табысты жұмыс істеді. Комиссияның ұсыныстары нәтижесінде ауылшаруашылық жерлерін жекеменшікке беруге мораторий ұзартылды. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жалға алу құқығын сатуға мүмкіндік берілді. Бұл норма ауылшаруашылық жерлерін нарықтық айналымға енгізуге мүмкіндік береді, – деді Мәулен Әшімбаев.
Палата Төрағасы сенаторлар ауылдық жерлердің инфрақұрылымын дамыту, ветеринария және азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін де жиі көтеріп келе жатқанын атап өтті. Ол былтырғы бюджеттің орындалуы туралы Үкіметтің есебін қарау кезінде Сенат депутаттары аграрлық саланы қаржыландырудағы олқылықтарға назар аударғанын айтты.
Ауыл шаруашылығындағы негізгі мәселелердің бірі саланың толық қаржыландырылмауы болып отыр. Мысалы, 2020 жылы аграрлық секторға жоспарланған қаражаттың жартысынан астамы ғана бөлінген, – деді Сенат Төрағасы.
Сонымен бірге Мәулен Әшімбаев елді алаңдатып отырған қуаңшылық мәселесіне және соған байланысты кейбір өңірлердегі мал шығынына назар аударып, бұл түйткілді шешу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі тиісті шаралар қабылдау керектігін айты.
Мемлекет басшысы Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің соңғы отырысында мал шаруашылығына айтарлықтай салдарын тигізіп отырған қуаңшылық мәселесіне назар аударды. Қазіргі таңда бұл – бүкіл елді алаңдатып отырған проблема. Сондықтан тиісті Министрлік осы мәселені шешу үшін бар күш-жігерін жұмсауы керек. Бұл жолда жүйелі қадамдар қажет. Ауыл шаруашылығы министрлігі жедел түрде ахуалдың салдарын талдап, жағдайды жан-жақты сараптап, мәселені шешу жолдарын ұсынуға тиіс, – деген Сенат Спикері кездесуге қатысқан Ауыл шаруашылығы вице-министріне бұл бағытта белсенділік таныту керектігін айтты.