Сенат төрағасы Абай облысының жұртшылығымен АЭС салу мәселесін талқылады
Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған АЭС салуды қолдау жөніндегі халық штабының мүшелері Абай облысына келді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Олар ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілермен, білім беру саласының мамандарымен және коммуналдық қызметтер саласындағы еңбек ұжымдарымен кездесті.
Кездесулерде АЭС салуға қатысты референдумға орай экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Мәулен Әшімбаев өз сөзінде қазіргі таңда бүкіл әлем климаттың өзгеруіне және экологияның нашарлауынан туындайтын проблемалармен бетпе-бет келіп отырғанын атап өтті. Биыл Қазақстанда болған су тасқыны да климаттың өзгеруінің бір салдары екені айтылды. Бұл жағдайда экологияға тигізетін салдарды азайтатын және энергияға зиян келтірмейтін тиімді шешімдер қажет екені сөз болды.
Штаб мүшелері «Приречное агрофирмасы» ЖШС-ның базасында облыстағы ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілермен жүздесті. Одан бөлек, «Эйкос» ЖШС-ның кәсіпкерлерімен және қызметкерлерімен, сондай-ақ, коммуналдық сектор кәсіпорындарының ұжымдарымен кездесулер өткізіп, көтерілген мәселелерді кеңінен талқылады. Кездесулерге қатысушылар аталған проблемалардың маңызына назар аударып, елімізде қалыптасқан экологиялық түйткілдер мен энергия тапшылығына қатысты мәселені жүйелі шешу қажет екенін айтты.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Жолдауда атап өткендей, 6 қазанда Қазақстанда АЭС салу мәселесіне қатысты республикалық референдум өтеді. Бүгінде бүкіл әлем климаттың өзгеруіне байланысты қиындықтарға тап болып отыр. Күн сайын ауа-райы өзгеріп жатыр. Қоршаған ортаның ахуалын да бәріміз көріп отырмыз. Биыл Қазақстанда болған алапат су тасқыны да сондай өзгерістердің салдары. Мұндай жағдайда экологияға тигізетін салдарды азайтатын және энергияға зиян келтірмейтін тиімді шешімдер қажет, – деді Палата спикері.
Сонымен қатар кездесулер барысында экологиялық қауіпсіздік мәселесін шешу кешенді тәсілді және мүдделі тараптардың қатысуын талап ететіні атап өтілді. Өйткені бұл сала барлық маңызды бағытпен тығыз байланысты. Осы орайда ғылымға бағдарланған тәсілге және қазіргі әлемдік тәжірибені зерделеуге ерекше назар аударған жөн.
Атап айтқанда, бұл істе жаңа технологияларды зерделеу және өндіріске инновацияны енгізу қажет.
Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледжде өткен кездесуде білім беру саласының өкілдері аталған ұстанымды қолдайтындарын білдірді.