Сенат ТМД елдерімен бірге қаржы қауіпсіздігін күшейтетін халықаралық орталық құруды қолдады

Сенат «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру қауіп-қатеріне баға беретін халықаралық орталықты құру туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды мақұлдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Келісімге, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының мемлекет басшылары 2023 жылдың қазан айында Бішкек қаласында қол қойған болатын. Келісімнің негізгі мақсаты ТМД елдерінің ұлттық экономикалары мен қаржы жүйелерін, қылмыстық кірістерді жылыстату және терроризмді қаржыландыру қатерлерінен қорғауға бағытталған, тәуекелдерді бағалайтын халықаралық орталық құру.

Бұл Халықаралық Орталық қорғалған ақпараттық жүйе ретінде жұмыс жасап, ТМД елдерінің қаржылық барлау бөлімшелері арасында тиімді мемлекетаралық өзара іс-қимылды, ортақ ақпараттық ресурстарды қалыптастыруды және тәуекелдердің ұлттықтан жоғары деңгейде бағалануын қамтамасыз ететін болады. Орталықтың маңызды міндеттерінің бірі, ақшалай қаражаттың транзиттік қозғалысын, активтердің түпкілікті орналастырылуын, сондай-ақ салықтық қылмыстар мен сыбайлас жемқорлық бойынша мәліметтер алмасуды қоса алғанда, трансшекаралық қылмыстық топтардың қызметін талдау, – деді сенатор Сұлтанбек Мәкежанов.

Халықаралық Орталық ұлттық және халықаралық деңгейде қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру және терроризмді қаржыландырумен байланысты тәуекелдерді бағалайды, ТМД елдерінің арасындағы жедел ақпараттық алмасуды қамтамасыз етеді, кірістерді заңдастыру және терроризмді қаржыландыруды алдын алу, онымен күресу үшін халықаралық стандарттар мен ұсынымдарды алдын-ала әзірлеп, енгізеді.

Орталықтың негізгі мақсаттары қаржы мониторингі және тәуекелдерді бағалау саласындағы мамандарды оқыту, олардың біліктілігін арттыру және қаржы институттары, құқық қорғау органдары және басқа да мүдделі тараптар арасындағы ынтымақтастықты нығайту. Бүгінде дүние жүзінде жасанды интелекттің ерекше дамуына байланысты, бұл халықаралық орталықтың құрылуы өте маңызды. Себебі, орталық қаржылық ақпаратты жан-жақты зерделейтін заманауи ақпараттық-талдау жүйесі ретінде ұйымдастырылған, – деді сенатор.

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінің ақпараты бойынша, орталықтың талдау жүргізуге арналған тиісті технологиялық платформасы қазірдің өзінде жоба ретінде іске қосылып, өз жұмысының тиімділігін іс жүзінде көрсетіп тұр.

Қаралып отырған келісімді бүгінде Армения, Беларус, Қырғыстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан мемлекеттері өз парламенттері арқылы ратификациялады. Келісімді ратификациялау теріс әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық теріс салдарға әкелмейді және республикалық бюджеттен қосымша шығыстарды талап етпейді, – деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы