Сенат Спикері Жапония елшісімен кездесті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Джун Ямадамен кездесті, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Кездесу барысында Сенат Спикері Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеп берген Тәуелсіздіктің жаңа кезеңіндегі ел дамуының негізгі басымдықтарына тоқталды. Мәулен Әшімбаев Палатаның алдағы басты міндеті Мемлекет басшысының елімізді жаңарту бағдарын сапалы заңдармен қамтамасыз ету болып қала беретінін жеткізді.
Сенат Төрағасы қазіргі таңда елімізде шағын және орта бизнесті дамыту үшін жағдай жасауға, мемлекеттің экономикаға қатысуын азайтуға, әлеуметтік теңсіздікті төмендетуге және өңірлерді дамытудағы диспропорцияны қысқартуға арналған жүйелі шаралар іске асырылып жатқанын айтты. Сондай-ақ ол бүгінде Қазақстанда жүргізіліп жатқан мемлекеттік басқару жүйесін жаңарту меритократия, ашықтық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қағидаттарын күшейтуді қамтитынын атап өтті.
Сонымен қатар сұхбаттасушылар Қазақстан мен Жапония арасындағы парламентаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне назар аударды.
«Парламентаралық қарым-қатынас біздің жұмысымыздың маңызды бағыты болып саналады. Осы ретте біз жапон әріптестерімізбен байланысымызды жандандырып, Жапония Парламентіндегі Достық лигасымен өзара қатынасымызды дамытуға мүдделіміз. Бірлесіп пысықтайтын мәселелер аз емес. Олар экономика, сауда, инвестициялар, Қазақстанға жасыл технологияларды тарту сияқты бағыттарды қамтиды. Экология, халықаралық мәселелер, оның ішінде, Ауғанстандағы ахуал бойынша ынтымақтастықтың да маңызы зор. Парламент депутаттарына осы тақырыптардың бәрін талқылап, екі елдің Үкіметтерімен бірлесіп, қандай да бір бастамалар мен жобаларды іске асыруға мол мүмкіндік бар», – деді Мәулен Әшімбаев.
Өз кезегінде Елші Жапония парламентшілері де қазақстандық әріптестерімен ынтымақтастықты жандандыруға ниетті екенін айтты. Сондай-ақ дипломат жапон тарапы Қазақстан Президентінің елдегі инвестициялық ахуалды сақтау және одан әрі жақсарту жөніндегі ұстанымын жоғары бағалайтынын тілге тиек етті. Ол сондықтан жапон инвесторлары Қазақстан экономикасына инвестиция салуды жалғастыруға құлықты екенін атап өтті.
Іс-шара соңында Мәулен Әшімбаев Сенаттың заң шығару қызметіне тоқталды. Оның айтуынша, былтыр сенаторлар 104 заң қабылдады. Олардың әрбір төртіншісіне Парламент депутаттары бастамашы болды. Сенат Төрағасы бұл заңдардың бәрі еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге арналғанын айтты.