Сенат спикері: Рақымшылық туралы заң - қоғам мен мемлекет тарапынан жасалған гуманистік қадам

Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Бүгін Сенат отырысында «Рақымшылық жасау туралы» заң жобасы қабылданғаны белгілі. Заң аясында оқиғаға қатысушылардың бір бөлігі босатылады, кейбіріне қамау мерзімі қысқартылады, қажет болған жағдайда жұмысқа орналасуға және тұрғын үйге көмек көрсетіледі.

Қабылданған заң Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында берген тапсырмасын орындау мақсатында әзірленді. Заң «Қасіретті қаңтар» оқиғасы кезінде тәртіпсіздіктерге байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтарға барған азаматтарды қылмыстық жауаптылықтан босатуды және олардың жаза мерзімдерін қысқартуды көздейді. Бұл заңды тәртіп бұзуға жол берген адамдарға қоғам мен мемлекет тарапынан жасалған гуманистік қадам деп қабылдаймыз. Сонымен қатар, заңда рақымшылық жасауды қолдану шарттары, тәртібі және ол қаңдай адамдарға қолданылмайтыны туралы нақты нормалар белгіленген, - деп атап өтті Мәулен Әшімбаев.

Рақымшылық кімге жасалады:

Рақымшылық тек 4-7 қаңтар аралығында болған жаппай тәртіпсіздікке байланысты немесе олардың жолын кесу кезінде қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдарға ғана жасалады.

Кімдерге рақымшылық әсер етпейді:

Терроризм, экстремизм үшін сотталғандарға, тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар мен азаптау, сыбайлас жемқорлық қылмыс және мемлекетке опасыздық жасаған адамдарға, кәмелетке толмағандарға жыныстық сипатта тиіспеу жөніндегі қылмыстарға, рецидивистерге рақымшылық қолданылмайды.

Рақымшылық қалай жүргізіледі:

Ауырлығы аз және ауырлығы орташа қылмыс жасағандарға қатысты қылмыстық істер тоқтатылады, ол бойынша сотталғандар жазадан босатылады, ал жазасын өтегендерден соттылығы мүлдем алынып тасталады.

Ауыр қылмыс жасағандардың жаза мерзімі төрттен үшке, аса ауыр қылмыстарға  жартысына қысқарады. Егер рақымшылық жасау туралы Заң қолданысқа енгізілген күні сотталғандардың жазасы бір жылдан аспайтын мерзімге өтеуі қалса, негізгі жаза оның барлық өтелмеген мерзіміне қысқартылады.

Әлеуметтену: 

Рақымшылық жасалған жандар әлеуметке қайта араласуға құқылы. Оларға жұмысқа орналасуға, құжаттарды ресімдеуге көмек көрсетіледі және медициналық жәрдем беріледі. Тұрғын үй болмаған жағдайда, өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға арналған орталықтарға орналастыру ұсынылады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы