Сенат спикері Абайдағы өрт туралы: Тәртіптің жоқ екенін анық көрсетті
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Абай облысындағы алапат орман өртіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, тілсіз жау бүкіл жүйенің уақытылы әрекет етпегенін, құрылымдар арасында үйлесім мен тәртіптің жоқ екенін көрсеткен.
Абай облысындағы өрт төтенше жағдай кезінде әрекет ету жүйесінің қаншалықты тиімсіз екенін анық көрсетті. Бұл – ақиқат. Мұнымен дауласудың да керектігі жоқ. Өзіміздің тарихымызда бірінші рет осындай өртпен күресіп жатсақ, ол түсінікті болар еді. Бірақ жыл сайын осындай жағдай болады. Былтыр күзде Қостанай облысында үлкен өрт болды. 40 мың шаршы орман, жер өртеніп кетті. Осыған байланысты Үкімет те біраз жұмыс істеді. Сіздер президент тапсырмасын орындап жатырмыз деп ақпарат та бердіңіздер. Бірақ Абай облысындағы жағдай осы бүкіл жүйенің уақытылы әрекет етпегенін, құрылымдар арасында үйлесімнің, тәртіптің жоқ екенін анық көрсетті, - деп атап өтті Сенат төрағасы.
Сонымен қатар ол осы саланы түбегейлі өзгертетін, дұрыстайтын уақыт келді деп отыр.
Президенттің тиісті тапсырмалары бар. Енді тиісті бағдарлама қабылданады деп әріптестеріміз баяндама жасап жатыр. Басқа да шаралар қабылданады. Тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Оның қорытындысы бойынша біраз іс-шара жүйеге асатыны сөзсіз. Қазір біз бюджетті қараған кезде барлық ұсынысты қолдап, төтенше жағдай кезінде әрекет ететін барлық құрылымды қаржыландыру үшін келесі жылдың бюджетінен біраз қаржы кіргіземіз. Бәріміз олардың дұрыс пайдалануын, олардың мақсатты түрде жұмсалуын, нәтижесі болуын қамтамасыз етуіміз керек, - деді Мәулен Әшімбаев.