Бүгiн 2026, 14:18 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Сенат Салық кодексіне өзгерістер енгізу туралы заңды қабылдады

Түзетулер құқықтық қайшылықтарды жойып, заңнаманы жетілдіруге бағытталған.

Депутаттар Сенат отырысында Салық кодексіне өзгерістер енгізу туралы заңды мақұлдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Құжат «Қазақстан Республикасының Салық кодексіне өзгерістер енгізу туралы» заң деп талады.

Заң жобасы аясында бір палаталы Парламент – Құрылтайдың қызметіне, сондай-ақ Қазақстан Халық кеңесін құруға қатысты өзгерістер қарастырылған.

Сондай-ақ заң:

  • бір палаталы Парламент - Құрылтай құрумен;
  • Қазақстан Халық Кеңесін құрумен; 
  • Қазақстан Республикасының Конституциялық сотына азаматтардың жолданымдарын беру кезінде төленетін мемлекеттік бажды алып тастаумен байланысты өзгерістерді қамтиды.

Сонымен қатар құқықтық терминологияны жетілдіруге бағытталған редакциялық түзетулер енгізіледі. Сондай-ақ Астана қаласының ерекше мәртебесін ескере отырып, аумақ атауларын көрсету тәртібін нақтылау көзделген.

Сенатта атап өткендей, бұл заң әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық тұрғыдан қандай да бір теріс салдарға әкелмейді және мемлекеттік бюджеттен қосымша қаржы бөлуді талап етпейді.

Заң 2026 жылғы 15 наурыздағы республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларын іске асыруға бағытталған, - деп атап өтті сенатор Нұрлан Бекназаров.

Бұдан бөлек, заң жобасында құқықтық реттеудің мәнін өзгертпей, жекелеген нормаларды біріздендіру мен техникалық нақтылаулар енгізу ұсынылады. Атап айтқанда, «шетелдік» терминін «шетел азаматы» деген атаумен ауыстыру, «тенге» сөзінің жазылуын «теңге» нұсқасына келтіру, сондай-ақ аумақ атауларын көрсету кезінде елорда атауына басымдық беру тәртібін нақтылау көзделген.