Сенат республикалық бюджет туралы заң жобасын Мәжіліске қайтарып жіберді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенат депутаттары Мәжілістен қолдау тапқан үш жылдық республикалық бюджет туралы заң жобасына түзетулер енгізіп, төменгі палатаға қайта қайтарды.

Биыл бюджет қаражаты тиімсіз жұмсалған жайттар анықталды. Үкімет резервіндегі қаржы есебінен отандық өндірушілерден 1500 өкпені жасанды желдету аппараты сатып алынды. Алайда 17 өңірдегі денсаулық сақтау мекемелері соның 831-ін ғана қабылдап алған. Ал қалғандары толық жабдықталмаған болып шықты. Мысалы Жамбыл облысында осындай олқылыққа байланысты 53 аппараттың бірде біреуі жұмыс істемей тұр. Қазіргідей күрделі кезеңде мұндай жағдайларға жол беруге болмайды, – деді деді заң жобасы бойынша қосымша баяндама жасаған депутат Нұрлан Қылышбаев.

Оның айтуынша, заң жобасын талқылау кезінде тұрақты комитеттер мен депутаттардан 743,8 миллиард теңге қосымша қаржыландыруды қажет ететін 91 ұсыныс келіп түскен.

Соның ішінде 2021 жылға – 419,1 миллиард теңге сұрап отыр. Үш жылдық кезеңге 20 миллиард теңгеге ұсыныстар қолдау тапты, оның ішінде 2021 жылға – 15 миллиард теңге, - деді депутат.

Одан бөлек, сенаторлар бизнес пен азаматтарды әлеуметтік қолдауға және өңірлерді дамытуға бөлінетін қаражатты ұлғайтуға байланысты бюджет шығыстарының кейбір бағытын қайта қарауды ұсынды.

Жан-жақты талқылаудан кейін Сенат депутаттары еліміздің басты қаржы құжатына бірқатар түзету енгізіп, Мәжіліске қайтарды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы