Сенат Қазақстан мен Сингапур арасындағы инвестициялар жөніндегі заңды мақұлдады

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сингапур Республикасының Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңды мақұлдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Құжаттың негізгі міндеті - инвесторлардың инвестициялық қызметті жүзеге асыруы кезінде олардың құқықтарының кепілдіктерін бекіту арқылы ынтымақтастық үшін құқықтық негіздер жасау. Аталған келісімге 2018 жылғы 21 қарашада Сингапур қаласында қол қойылды.

Қаралып отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сингапур Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісім екі елдің бір-біріне әділ және тең құқылы инвестициялық режимді өзара ұсынуына бағытталған. Аталған Келісім екіжақты тығыз экономикалық ынтымақтастық үшін, сондай-ақ кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру және екі мемлекеттің де әл-ауқатын арттыру үшін қолайлы жағдайлар жасайды, - деді сенатор Жанна Асанова.

Депутататтың айтуынша, құжат тең құқықты режимді, ұлттық заңнамаға және халықаралық құқыққа сәйкес толық қорғау мен қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.

Сингапурдың шетелдік инвестицияларды тартудағы тәжірибесі Қазақстанның іскерлік және инвестициялық ахуалын жақсарту үшін маңызды. Сингапурда инвестиция тарту үшін кең мүмкіндіктер жасалған. Атап айтқанда, шетелдік инвестициялар үшін ұлттық режим белгіленген. Шетелдік капиталды қолдану салаларында шектеулер қарастырылмаған. Жергілікті экономиканың барлық резиденттерінің (сингапурлық және шетелдік компаниялар) қызметі жекелеген салалық заңнамалық актілермен реттеледі. Айта кету керек, Сингапурдың Қазақстан экономикасына құйған инвестицияларының жалпы көлемі 1,4 млрд доллардан асты. Қазір сингапурлық компаниялардың инвестициялық жобалар портфеліне 642,6 млн доллар тұратын 13 жоба кірді. Осыны ескере отырып, бұл заң инвестициялық ахуалды одан әрі жақсартуға және елдеріміз арасындағы өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты белсенді дамытуға ықпал ететініне сенімдімін,-деді сенат депутаты Жанна Асанова.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы