Сенат Қазақстан мен Ресей арасындағы әскери ынтымақтастық туралы шартты бекітті

Нұр-Cұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін өткен Парламент Сенатының отырысында Қазақстан мен Ресей арасындағы әскери ынтымақтастық туралы шартты ратификациялау туралы заң жобасы қарастырылып, қабылданды.

Айта кетерлігі, екі ел арасында 2020 жылдың 16 қазанында Нұр-Сұлтан қаласында әскери ынтымақтастық туралы шартқа қол қойылған.

Біз бүгін осы шартты ратификациялау туралы заң жобасын қарап отырмыз. Жалпы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы осы тектес шартқа 1992 жылдың 25 мамырында қол қойылған. Кейін 2013 жылғы 11 қарашада жаңадан шарт қабылданды. Сондықтан бүгінгі заң – біз үшін тосын жаңалық емес, бұрынғы келісімдердің заңды жалғасы, - деп атап өтті Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Аталған заңда:

  • әскерді қолдануды бірлесіп жоспарлау;
  • төнген қауіпке қарсы бірлесіп әрекет ету;
  • әскери және жедел даярлықты бірлесіп жоспарлау;
  • әскери білім мен ғылымды ортақтаса игеру;
  • бітімгерлік күштердің құрамында бірлесе әрекет ету;
  • және мәдениет пен ақпарат саласындағы ынтымақтастықты бірлесе атқару мәселелері қамтылған.

Заң жобасы Сенаттың барлық комитеттерінде қаралып, оң қорытындылар келіп түсті. Бұл –  еліміздің қорғаныстық қабілетіне қызмет ететін заң, - деді комитет төрағасы. 

Еске сала кетейік, бұған дейін заңсыз майнинг фермалармен күрес қалай жүргізіліп жатқаны туралы жазған болатынбыз.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы