Сенат Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе қатынасын ашуға мүмкіндік беретін келісімді ратификациялады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенаттың жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы Әуе қатынасы туралы келiсiмді ратификациялау туралы» Заңды қабылдады.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев заң жобасының негізгі басымдықтарына тоқталды.
100 нақты қадам - Ұлт жоспарының 73 қадамын және Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің хаттамасын орындау мақсатында 2019 жылғы 30 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Америка Құрама Штаттары Үкіметі арасында Әуе қатынасы туралы келісімге қол қойылды, - деді министр.
Жоба «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» Заңның 5 бабының 2 тармағына сәйкес әзірленді. Келісімнің негізгі мақсаты - Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары арасында, оның ішінде Астана Халықаралық қаржы орталығын ілгерілету үшін қаржы орталықтарымен тікелей әуе қатынасын ашу үшін құқықтық база құру.
Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) әуе қатынасын ырықтандыру жөніндегі ұсыныстарына және Америка тарапының ұсыныстарына сәйкес, келісім шеңберінде тараптар әуе компаниялары, пунктер мен рейстер саны бойынша, оның ішінде жолаушылар тасымалдары үшін «әуе еркіндігінің» 5 деңгейімен шектеусіз ұша алады. Бұл - ел тарихындағы алғашқы «ашық аспан» режиміндегі келісім. Яғни кез келген қазақстандық әуе компаниясы үшінші елдерге, елдерден жолаушыларды жеткізу және әкелу құқығымен Қазақстанның кез келген қаласынан Америка Құрама Штаттарының кез келген қаласына рейстер бойынша шексіз санмен жолаушылар тасымалын, сондай-ақ Америка Құрама Штаттары пунктері мен Америка Құрама Штаттарынан тыс кез келген пунктер арасында жүк тасымалын орындай алады, - деп толықтырды Қайырбек Өскенбаев Сенатта.
2021 жылғы қарашадан бастап Парламент Сенатының комитеттерімен отырыстар өткізіліп, келісімді ратификациялау туралы заң жобасы талқыланып, мақұлданды.
Оның сөзінше, келісімді ратификациялау туралы заңды қабылдау Қазақстан Республикасы тарапынан қосымша бюджеттік шығындар мен міндеттемелерге алып келмейді және еліміздің көліктік қолжетімділігін арттыруға бағытталған.