Сенат отырысының күн тәртібі бекітілді

Сенат Бюросының отырысында депутаттар 7 желтоқсан күні өтетін Палата отырысының күн тәртібін бекітті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Соған сәйкес Сенат отырысында «Бала құқықтары туралы конвенцияға хабарлар рәсіміне қатысты факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы» заң қаралады. Хаттамада Бала құқықтары туралы конвенцияда бекітілген құқықтар бұзылған кезде балалардың немесе олардың ата-аналарының (заңды өкілдерінің) шағымдарын қарау тетіктері белгіленеді. Оның қорытындысы бойынша әзірленген ұсынымдар мемлекетке тиісті шаралар қабылдау үшін беріледі.

Сондай-ақ сенаторлар алдағы бейсенбіде «2010 жылғы 9 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасына мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қарайды. Бұл заң тиісті салада сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға арналған.

Бюро отырысында азаматтық қорғаныс жүйесін жетілдіру мәселелеріне арналған парламенттік тыңдауға дайындық барысы да талқыланды. Осы іс-шара аясында Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің сенаторлары Астанада өтетін биік ғимараттардағы өрттерді сөндіру жаттығуларына қатысады.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев мемлекет тарапынан бұл бағытта тиісті шаралар қабылданып жатқанын, соған қарамастан әлі де болса шешімін таппаған маңызды мәселелер бар екенін атап өтті.

Соңғы жылдары мемлекет азаматтық қорғаныс жүйесін жетілдіру мәселесіне басымдық беріп келеді. Сенаттың салалық Комитеті де айтарлықтай жұмыс атқаруда. Дегенмен, әлі де шешімін таппай келе жатқан мәселелер бар. Өткен аптада Алматы қаласында болған өрт салдарынан 13 адам қаза тапты. Осы ретте қаза тапқандардың жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз және зардап шеккендердің тезірек сауығып кетулерін тілейміз. Алдағы уақытта осындай қайғылы оқиғалар қайталанбасы үшін бұл бағытта белсенді жұмыс істеуіміз керек, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ Бюро отырысында Парламент Мәжілісінен келіп түскен заңдар жұмыс үшін Сенаттың тұрақты комитеттеріне бөлініп берілді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Сенаттың баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы