Сенат Конституциялық Сот туралы заң қабылдады
Бүгін Сенат отырысында «Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы» заң қабылданды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы» заң жобасы Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан. Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауын іске асыруға бағытталған. Конституциялық заң жобасының мақсаты – Конституциялық сотты құру бөлігінде Конституцияға енгізілетін өзгертулерді іске асыру, мемлекеттің құқық қорғау институттарын күшейту, негізгі заң ережелерінің қатаң сақталуын қамтамасыз ету және азаматтардың конституциялық қолжетімділігін кеңейту, - деп атап өтті жобаны таныстырған Әділет министрі Қанат Мусин.
Айтуынша, заң жобасы үш бөлімнен, он тараудан және алпыс жеті баптан тұрады.
Мазмұны бойынша жобаны екі бөлімге бөлуге болады. Бірінші – Конституциялық соттың және судьялардың мәртебесі, олардың кепілдіктері мен қамтамасыз етілуі. Ал екінші бөлім – Конституциялық іс жүргізу тәртібіне арналған. Конституциялық сот еліміздің барлық аумағында Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ететін орган болады және биліктің тармағына жатпайды. Өйткені бұл мәселе Конституцияда түпкілікті шешілді, - деді ведомство басшысы.
Дауысқа салу нәтижесінде Сенат депутаттары заң жобасын бірауыздан қабылдады.