Сенат Қоғамдық кеңестер туралы заң жобасын Мәжіліске қайтарып жіберді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Парламент Сенатының жалпы отырысында депутаттар Қоғамдық кеңестердің қызметі туралы заң жобасын Мәжіліске кері қайтарды.

Сенаторлар заң жобасын талқылау кезінде құжатқа бірнеше өзгеріс енгізген.

Қоғамдық кеңестер – Үкімет тарапынан жүргізіліп жатқан әлеуметтік, саяси, экономикалық даму жолдарын айқындауда, халық пікірін жинақтауға мүмкіндік береді. Заң жобасы бойынша тек қана негізгі жаңалықтарға тоқтала кетейін. Біріншіден, заң жобасы қоғамдық кеңестерді құрудың механизмдерін жетілдіруге жан-жақты мүмкіндік береді. Қоғамдық кеңестердің қызметін материалдық қамтамасыз ету мәселесі енді өз шешімін тапты. Ол – жергілікті мәслихаттардың құзырына беріліп отыр, - деді сенатор Бақытжан Жұмағұлов.

Бұған дейін қоғамдық кеңестер келіп түскен барлық нормативтік құқықтық актілердің жобаларын қарайтын. Енді бұл мәселені қарау немесе қараусыз қалдыру туралы шешімді қоғамдық кеңестердің өздері шешетін болады. 

Маңызды өзгерістің бірі - қоғамдық кеңес мүшелерінің құқықтары мен міндеттерін кеңейте отырып, оларды Квазимемлекеттік сектор жұмыстарына, сатып алу комиссияларының жұмысына тарту көзделген. Бұл нормалар квазимемлекеттік сектордың ашықтығын, есептілігін қамтамасыз етеді. Қоғамдық кеңестер қызметінің мәселелері жөніндегі «уәкілетті орган» белгіленді. Оған бірқатар функциялар – заңнамалық түрде берілді. Жыл сайын мемлекет басшысына қоғамдық кеңестердің қызметі туралы ұлттық баяндама әзірлеп, енгізеді. Бұл қоғамдық кеңестердің жауапкершілігін көтереді, ашықтығын қамтамасыз етеді,- деді депутат.

Осы заң жобасы туралы баяндама жасаған Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева қоғамдық кеңестердің құрамын жасақтау нормасы туралы айтты.

Бұл жерде басты талап – дербес және тәуелсіз қызмет ету. Сондықтан да жұмыс тобының басшысын азаматтық қоғам өкілінен сайлау ұсынылып отыр. Осы өзгеріс кеңестер құрамын іріктеуге, әкімшілік ресурстардың ықпалын азайту үшін енгізілді. Заң жобасы кандидаттар есебінен резервтік тізім жасауды ұсынады. Кеңес құрамынан шыққандардың орнына осы тізімнен жаңа мүшелерді сайлауға мүмкіндік береді. Қолданыстағы заңда қоғамдық кеңес мүшелерінің саны нақты қарастырылмаған. Бұл ретте кеңес мүшелері санының орталық деңгейі 15-30 адам аралығында, ал жергілікті деңгейде халық санына байланысты анықтауды ұсынамыз, - деді министр. 

Сенат осы өзгерістерді қабылдап, өздері енгізген түзетулермен құжатты Мәжіліске кері қайтарды.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы