Сенат халықаралық шарттар туралы заңды қабылдады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенат Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі мақұлдаған «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қабылдады.
Аталған құжат халықаралық шарттар бойынша заңнаманы одан әрі жетілдіру мақсатында әзірленіп отыр.
Жоба 1969 жылғы 23 мамырдағы Халықаралық шарттар құқығы туралы Вена конвенциясына сәйкес келтіруге, сондай-ақ олқылықтар мен қайшылықтарды жоюға бағытталған, - деп айтты Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан.
Заң жобасында «дәйектеу» және «халықаралық шарт жасасу» ұғымдарының анықтамалары қайта қаралды, «қол қою» мен «өкілеттік» ұғымдары нақтыланды.
Егер халықаралық шартқа өзі қол қойса не халықаралық шартқа қол қоюға өкілеттік басқа лауазымды адамға берілсе, Қазақстан Республикасының Президентіне халықаралық шартқа қол қоюға өкілеттік берудің қажеттілігі жоқ екендігін көрсететін норма жазылады, - деді депутат.
Сөзінше, Сенаттың тұрақты комитеттерінің осы заң жобасы бойынша ескертулері мен ұсыныстары жоқ.
Осы орайда құжаттың ережесі Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары саласындағы құқықтық қатынастарды жетілдіруге бағытталған.