Сенат ЕАЭО ортақ электр энергиясы нарығын қалыптастыруға қатысты заң жобасын қабылдады
Нұр-Cұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін өткен Парламент Сенатының отырысында депутаттар 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы Қазақстан Республикасы Заңының жобасын қабылдады.
Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын Армения, Белоруссия, Қазақстан, Қырғызстан және Ресейдің ұлттық электр энергиясы нарықтарын интеграциялау жолымен қалыптастыру жоспарлануда, - деп атап өтті Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов.
Бағдарлама ұйымдастырушылық, заңнамалық және технологиялық іс-шаралар кешенін, оның ішінде жедел келісімшарттар бойынша және бір тәулікке алға ортақ нарықта сауданың электрондық жүйесін, ақпарат алмасу жүйесін әзірлеу жөніндегі іс-шараларды қамтиды, сондай-ақ ортақ электр энергетикалық нарықты реттейтін актілер жүйесін дайындауды көздейді.
Хаттама арқылы Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын қалыптастыру, оның жұмыс істеуі және дамуы қағидаттары көзделген:
1) тең құқылық, өзара тиімділік және мүше мемлекеттердің кез-келгеніне экономикалық залал келтірмеу негізіндегі ынтымақтастық;
2) электр энергиясын өндірушілер мен тұтынушылардың экономикалық мүдделерінің теңгерімін сақтау;
3) нарықтық қатынастарға және адал бәсекелестікке негізделген тетіктерді басым пайдалану;
4) электр энергетикасы саласындағы табиғи монополиялар субъектілерінің көрсетілетін қызметтеріне кедергісіз қол жеткізуді қамтамасыз ету;
5) мүше мемлекеттердің қатар жұмыс істейтін электр энергетикалық жүйелері негізінде Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын кезең-кезеңімен қалыптастыру және дамыту;
6) мүше мемлекеттердің энергетикалық қауіпсіздігін ескере отырып, мүше мемлекеттер субъектілері арасында электр энергиясының саудасын жүзеге асыру.Одақтың ортақ нарығын қалыптастыру мүше мемлекеттердің шаруашылық жүргізуші субъектілеріне жасалған шарттар шеңберінде өзара электр энергиясы саудасын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ электр энергиясын нақты жеткізудің жоспарлы мәндерден сағаттық ауытқуларын реттеу үшін тетік құру көзделеді. Бұл келісілген кестелерді сақтау үшін жауапкершілікті арттырады.
Электр энергиясы нарығын құрудың әсері өндіруші және беруші қуаттарды пайдалану тиімділігін арттырудан, электр энергиясының өзара және сыртқы саудасы көлемінің өсуінен көрінеді. Сондай-ақ, энергия өндіруші ұйымдар арасында бәсекелестік артады деп болжануда.
Белгілі болғандай, қазіргі уақытта қатысушы елдер Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығының жұмыс істеу қағидаларын әзірлеу және келісу бойынша жұмыс жүргізуде.
Бүгінгі күні хаттаманы Қазақстаннан басқа барлық мүше мемлекеттер ратификациялады. Заң жобасын қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және өзге де салдарға әкеп соқтырмайды, мемлекеттік бюджеттен қосымша шығыстарды талап етпейді, - деді ведомство басшысы.