Сенатта ЕАЭО мен ҚХР арасындағы сауда жағдайы талқыланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысында "Еуразиялық экономикалық одақ пен Қытай Халық Республикасының кедендік шекаралары арқылы өткізілетін тауарлар мен халықаралық тасымалдың көлік құралдары жөнінде ақпарат алмасу туралы келісімді ратификациялау туралы" заң жобасы қаралды.

Келісім 2019 жылғы 6 маусымда Санкт-Петербург қаласында жасалған болатын.

Заң жобасының мақсаты Еуразиялық экономикалық одақ пен Қытай Халық Республикасының кедендік шекаралары арқылы өткізілетін тауарлар мен халықаралық тасымалдың көлік құралдары жөнінде ақпарат алмасу бойынша ынтымақтастықты ұйымдастыру.

Құжат ЕАЭС пен ҚХР-дың кедендік аумақтарына әкелінетін тауарларға, сондай-ақ транзитпен өткізілетін тауарларға қатысты кедендік операциялардың жасалуын жеделдетуге; ақпарат алмасу барысында алынған халықаралық тасымалдағы тауарлар мен көлік құралдары жөніндегі деректерді тәуекелдерді басқару саласындағы тиімділікті арттыру және кедендік бақылаудың нысандарын жетілдіру үшін пайдалануға; ЕАЭС пен ҚХР-дың кедендік аумақтарына әлеуетті қауіпті, өткізілуіне тыйым салынған және шектеу қойылған тауарларды кедендік бақылаудан жалтара отырып әкелуге байланысты тәуекелдерді және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің және ҚХР-дың қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы мүдделерін қозғайтын басқа да тәуекелдерді төмендетуге бағытталған.

Келісім ратификацияланғанда ҚХР-дың экспорттық декларациясынан тауарлардың саны, көлемі және құны жөніндегі ақпараттарды онлайн режимде алуға; ҚХР-мен кедендік статистика алшақтығының, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің көлемін азайтуға; кедендік бақылаудың тиімділігін арттыруға, сондай-ақ бюджетке түсетін түсімді ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Құжат Палатаның қарауына жіберілді.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы