Сенат депутаты: ҚҚС мөлшерлемесін айқындауда нақты есептеулерге сүйену керек
Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың отандық бизнес өкілдерімен кездесуінде айтқан ұстанымдары туралы пікірін білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бизнес қауымдастығы өкілдерімен кездесуде еліміздің салық жүйесін жетілдіруге бағытталған өзінің пікірін білдіріп, маңызды бастамаларға қатысты нақты міндеттер қойды. Олардың ішінде қосымша құн салығының мөлшерлемесін саралау мәселесі – әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етудің және экономикалық өсімді ынталандырудың шешуші факторы ретінде айрықша маңызға ие. Президент Үкіметке қосымша құн салығының мөлшерлемесін саралау тетігін жан-жақты зерттеп, әділ және теңгерімді шешім қабылдауды тапсырды. Бұл бастама ең алдымен халықтың әлеуметтік әл-ауқатын қорғауға, бизнеске түсетін жүктемені оңтайландыруға және ұлттық экономиканың ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған. Әсіресе, азық-түлік, дәрі-дәрмек, білім беру және денсаулық сақтау сияқты әлеуметтік маңызы бар салалар үшін төмендетілген мөлшерлемелер белгіленуі орынды, - деп жазды Сенат депутаты әлеуметтік желідегі парақшасында.
Сондай-ақ ол қосымша құн салығының мөлшерлемесін айқындау үдерісі ғылыми негізделген, жан-жақты сарапталған нақты есептеулерге сүйенуі тиіс екенін айтты.
Бұл ретте барлық мүдделі тараптардың – бизнес, сарапшылар қауымдастығы, депутаттар және қоғам өкілдерінің пікірлерінің ескерілуі қажеттігін нақты айқындады. Бұл маңызды қадам – халықтың әл-ауқатын қорғау мен ұлттық экономиканы дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстың жалғасы. Әлеуметтік әділеттілік пен тұрақты даму қағидаттарына негізделген шешімдер елдің экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етудің негіздері және қоғамның сұраныстары мен пікірлерінің ескерілгені деп есептеймін. Мемлекет басшысының бұл бастамасы – еліміздің салық-бюджет саясатының тиімділігін арттыруға, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге және тұрақты экономикалық дамуды қолдауға бағытталған маңызды стратегиялық шешім, - дейді депутат.