Сенат депутаттың өліміне қатысты тексеріс жүргізе ме?

Бұл сұраққа Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Өздеріңіз білетіндей, Сенатта қайғылы жағдай орын алды, депутатымыз (Гүлмира Кәрімова – ред.) қайтыс болды. Оның орнына басқа адам қашан сайланатындығына қатысты сұрақтар көп қойылуда, бәрі ретімен болар. Заңға сәйкес бәрі шешіледі. Сенаторларды мәслихат депутаттары сайлайды. Сондықтан ең алдымен қазір мәслихат депутаттарын сайлау керек. Олар ресми тіркеліп, жұмыстарына кіріскен соң, Наурыз мейрамдарынан кейін шығар, Орталық сайлау комиссиясы екі айдың ішінде жариялауға ұсынады. Қашан жариялайтынын өздері шешеді. Сайлау содан кейін барып өтеді, - деп түсіндірді Мәулен Әшімбаев Сенат отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында. 

Ал депутаттың кенеттен қайтыс болуына қатысты Сенат тексеріс жүргізбейді деп мәлімдеді. 

Бұл жағдайда Сенат ешқандай тексеріс жүргізе алмайды, жүргізбейді, ондай әрекет заңда қарастырылмаған. Марқұмның туыстары мен дәрігерлер оқиғаны сараптап, сәйкес себептерін атады. Бұл мәселені талқылаудың да жөні жоқ деп ойлаймын. Қандай да бір пікір айту адами тұрғыдан да, этикалық тұрғыдан да артықтау болар. Туыстарының, балаларының сезімін ойласақ. Әріптестер, тақырыпты осымен жабуды ұсынамын, - деді Сенат спикері.

Еске сала кетейік, бұған дейін Сенат қайтыс болған депутат Гүлмира Кәрімованың депутаттық өкілеттілігін тоқтатқан болатын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы