Сенат 2025 – 2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңды Мәжіліске қайтарды
Сенат отырысында Қаржы министрі Мәди Такиев "2025–2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасын таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ол бюджет өткен жылдардағыдай әлеуметтік бағдарланған болып қала беретінін айтты.
2025 жылы әлеуметтік саланың шығыстары осы жылға қарағанда 871 млрд теңгеге ұлғайып, 9,8 трлн теңге көлемінде жоспарланып отыр. Оның бюджет шығыстарындағы үлесі 38%-ды құрайтын болады. Нақтырақ тоқталып өтсек, әлеуметтік қамтамасыз ету және азаматтарға әлеуметтік көмек көрсетуге арналған шығыстар – индекстеу мен төлемдерді алушылар санының ұлғаюын ескере отырып, 6 трлн теңге сомасында қарастырылған. 2025 жылы білім беруді дамытуға қатысты шығыстар көлемі 1 трлн теңгеге жетті. Денсаулық сақтау жүйесіне 2025-2027 жылдарға арналған шығыстар 7,6 трлн теңгені көлемінде жоспарланған, оның ішінде биылмен салыстырғанда 188 млрд теңгеге ұлғайып, 2025 жылға 2,5 трлн теңге қарастырылған, - деді Такиев.
Жалпы, 2025 жылы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне 1,6 трлн теңге сомасында шығыстар жоспарланды. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 675 млрд теңге, оның ішінде мемлекеттік жарналарға 668 млрд теңге көзделген.
Ал 2025 жылы туризм мен спортты дамытуға республикалық бюджет шығыстары 141 млрд теңге, ал мәдениет пен ақпаратты дамытуға 165 млрд теңге көлемінде жоспарланған.
Өңірлерді қолдау бойынша 2025 жылы республикалық бюджет қаражаты есебінен 7,5 трлн теңге бөлінеді. Бұл сома осы жылмен салыстырғанда 452 млрд теңгеге артық. Ол – бюджеттің жалпы шығыстарының шамамен 30 пайызын құрайды. Бұдан бөлек, экономиканың нақты секторын дамытуды қолдау бойынша келер жылы 2,1 трлн теңге қарастырылған. Оның ішінде, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес агроөнеркәсіптік кешенді дамыту күшейтілді. Осы бағытқа 2025 жылы биылмен салыстырғанда 30%-ға ұлғая отырып, 635 млрд теңге қарастырылды. Көлік саласын дамытуға 2025 жылы 568 млрд теңге бөлу жоспарланған, онда автожол саласын дамытуға 423 млрд теңге көзделген, - деді Қаржы министрі Мәди Такиев.
2025 жылға арналған күш құрылымдарының шығыстары 111 млрд теңгеге ұлғайып, 2,7 трлн теңге көлемінде жоспарланып отыр.
Заң Сенатта кеңінен талқыланды. Депутаттар көтерген мәселелер өңірлерге қажет қаражат бөлуге арналды. Нәтижесінде, үш жылдық кезеңде 400 млрд теңгеден астам қаражат маңыздылығына қарай қайта бөлінді, - деді Мәди Такиев.
Заңды талқылау барысында депутаттардың ұсыныстары ескеріліп, 2025 жылы шығыстарды 60 млрд теңгеге ұлғайту қолдау тапты. Шығыстарды ұлғайтуды қаржыландыру Үкімет резерві есебінен жүзеге асырылады.
Бұдан басқа мемлекеттік органдар арасында қаражат қайта бөлінді, сондай-ақ депутаттардың басқа да ұсыныстары қолдау тапты. Сенат комитеттері мен депутаттарының барлық ескертулері мен ұсыныстары салыстырмалы кестеге жинақталды.
Депутаттар заңның жекелеген баптарын мақұлдамады. Құжаттың көрсетілген баптарының жаңа редакциясы Мәжіліске қайтарылды.