Семейлік зияткерлер онлайн күй тартысты
Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Семей қаласындағы зияткер оқушылар өзара онлайн күй тартысты.
Семейлік зияткер оқушылар үшін қашықтықтан оқу кедергі емес. Күнделікті сабақтарына қатысып, білім алуды жалғастырып жүрген олар бос уақытты тиімді пайдаланудың жаңа бір жолын тапты. Оқушылар жуырда өзара онлайн арқылы күй тартысты.
Назарбаев Зияткерлік мектептерінде білім алатын әрбір оқушыға домбыраны үйрету міндетіміз. Ұлттық аспабымыз бен өнерімізді дәріптеу үшін арнайы "100 күй" жобасы нәтижелі жүзеге асырылып келеді. Жоба аясында шәкіртке домбыра тартуды ғана емес, сонымен бірге күй тарихын, оны шығарған күйшінің өмірі мен шығармашылығы жайлы да деректер айтылады. Ал қазіргі төтенше жағдайға байланысты бұрын үйренгенімізді ұмытпас үшін осы күй тартысты арнайы ұйымдастырдық, - дейді домбыра үйірмесінің жетекшісі Мадияр Аширов.
Күй тартысқа қатысуға ниет білдіргендер аз болмаған. Солардың ішінде 7 сынып оқушылары ерекше белсенділік танытқан. Атап айтар болсақ, Дархан Оралханов, Ұлан Талғатов, Сағыныш Сайлаубековтердің домбыраны үйренгендеріне жыл тола қоймаса да, аяқ алыстары жаман емес. Ал олардың қатарына 9 сынып оқушысы Адлен Ролланұлы інілеріне үлгі ретінде іріктеліпті. Өйткені, Адлен республикалық балалар өнер байқауынының ақтық сынына қатысып, жүлделі 3-ші орын алған.
Күй тартыс туралы естігенімде идеяны бірден құптадым. Менің ойымша бір-бірімізге қашықтан күй тартысып бәскелесу қиындық тудырмайды. Керісінше бізге пайдасы өте көп. Үйренгенімізді еске түсіру – білімімізді толықтыру. Бұл шарадан шет қалмауға шақырамын, - дейді өз сөзінде Адлен Ролланұлы.
Бұл жолы дәулескер жас күйшілер Құрманғазының "Адай" күйін кезектесе тартып, бақ сынасты. Дегенмен алдағы уақытта басқа оқушылардың қатысуымен өзге де күйлерді орындау жоспарда бар. Қазірдің өзінде мектеп шәкірттері Құрманғазының "Адай", "Балбырауын", Дәулеткерейдің "Қосалқа", "Көроғлы", Абайдың "Тор жорға" күйлерін нақышына келтіре орындай алады.