27 Шілде 2023 2023, 08:22

Семейдегі жылу желілерінің 68% тозған

Үкімет өңірлердегі жылумен жабдықтау жүйелерін алдағы жылыту маусымына дайындау және жөндеу жұмыстарын жалғастыруда, деп хабарлайды BAQ.KZ Үкімет үйінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Семей қаласының коммуналдық инфрақұрылымын жөндеуге Үкімет резервінен 16,3 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Премьер-Министр Әлихан Смайылов тиісті қаулыға қол қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ primeminister.kz-ке сілтеме жасап.

Семей қаласының жылу желілерінің ұзындығы 322 шақырымды құрайды, оның 68% тозған. Кей бөліктердегі жылу желілері 100% тозған (1966 жылы іске қосылған). Өткен жылыту маусымында қала желілерінде 337 апатты жағдай орын алды, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 21% жоғары.

Семей қаласын жылыту маусымында сапалы қызметпен қамтамасыз ету және төтенше жағдайлардың туындау қаупін азайту, жылыту маусымының үздіксіз өтуін қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімдігі жылу желілерінің тозығы жеткен бөліктерін анықтады, жобалау-сметалық құжаттама дайындап, жөндеу жұмыстарын жүргізуге сараптамадан оң қорытынды алды.

Үкімет резервінен бөлінген қаржы Семей қаласындағы желілік сорғыларды ауыстыра отырып, 1-ЖЭО-дан 1, 2, 3, 4-павильондарға дейін 5,8 шақырым магистралдық жылу желілерін күрделі жөндеуге бағытталады.