Семейдегі жылу мәселесі. Берешек пен проблемалардың бар екені рас – қала әкімдігі
Бүгін өткен Сенат отырысында сенатор Айнұр Арғынбекова Семей қаласында жылу беру маусымының алдағы қаупі туралы уәж айтқан болатын. Көтерілген мәселеге байланысты Семей қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қаланың инфрақұрылымы өте тозған. Жылу мәселесі – ең күрделі проблемалардың бірі. Жылуға қатысты мәселе, облыс әкімінің тікелей бақылауында. Қазіргі таңда жылыту маусымы бойынша барлық қажетті жұмыстар уақытында жүргізілді. Жылу көздерінің жабдықтары жарамды күйде. Семей қаласында жылыту маусымы ауа райына байланысты 29 қыркүйекте басталды. Жылу көздерінде қажетті көмірдің қажетті қоры жеткілікті. Бүгінгі күні қалада 16 жылу көзі жұмыс істейді. Көмір қоры 40,5 мың тоннаны құрайды. Қажет болған жағдайда 10 күндік қор - 28 мың тонна, - делінген ведомство жіберген хабарламада.
Сондай-ақ жылыту маусымының техникалық желісі бойынша проблемалар жоқ деп отыр.
Бірақ экономикалық сипаттағы мәселелер бар. Кредиторлық берешектер мен жалақының уақытында берілмеуі де бар. Бұл мәселелер облыстың қалалық, жергілікті бюджетінен қаражат бөлу жолымен шешіледі. Сондай-ақ республикалық бюджеттен субсидиялар бөлу мәселесі қарастырылып жатыр, - делінген баспасөз қызметінің жауабында.
Еске сала кетейік, депутат Арғынбекова Семейдің биыл жылусыз қалуы мүмкіндігін айтып, Үкіметке қазынадан қаржы бөлуді сұраған болатын.