Семейдегі стоматологиядан тексерілмеген медициналық құралдар табылды
Тексеріс нәтижесінде стоматологияға әкімшілік айыппұл салынды.
Семейдегі стоматологияда салыстырып тексеруден өтпеген өлшем құралдарын пайдалану фактісі анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Семей қаласындағы стоматологиялық клиникалардың бірінде Қазақстан Республикасының өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы заңнама талаптарының бұзылғаны анықталды.
Аталған бұзушылықтар медициналық қызмет көрсету кезінде міндетті талаптардың сақталуына жүргізілген тексеру қорытындысы бойынша белгілі болды.
Тексеру нәтижесінде пациенттерді диагностикалау және емдеу кезінде белгіленген тәртіпте міндетті салыстырып тексеруден өтпеген өлшем құралдарының қолданылғаны анықталған.
Медициналық практикада өлшеулердің дәлдігі пациенттердің денсаулығы мен қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Өлшем құралдары дәрілік препараттар мен анестезия дозаларын есептеу кезінде, пациенттің жағдайын бақылауда және медициналық жабдықтың жұмысын қамтамасыз етуде қолданылады. Салыстырып тексеруден өтпеген аспаптарды пайдалану дұрыс емес нәтижелерге әкеліп, көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін, – деп атап өтті Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Жанна Есенбекова.
Тексеру материалдарын қарау қорытындысы бойынша ұйым әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Субъектіге 696 325 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды, - деп хабарлады Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін Астанада стоматологияда дәрі дозасын дұрыс есептемеу салдарынан 3 жасар қыз бала қайтыс болды.