Семейдегі сайлау учаскелерінің бірінде дауыс берушілерді батырлар қарсы алуда

Семейдегі №256 сайлау учаскесінде азаматтарды қазақ батырлары қарсы алып, ал ұлттық киім киген әжелер баршаға бауырсақтан дәм татуға шақырды деп хабарлайды өңірдегі BAQ.KZ тілшісі. 

Бұл сайлау учаскесі қалалық мәдениет үйінің ішінде орналасқан. Өз дауысын бергеннен кейін сайлаушылар алпауыт батырлармен және әжелермен суретке түсуге асығуда. Алғашқылардың бірі болып өзінің азаматтық борышын «Қазақ тілі» халықаралық қорының вице-президенті Орал Шәріпбай орындады.

Бұл – еліміз үшін тарихи сайлау. Әсіресе, біздің өңір үшін бұл – жаңа Абай облысында өтіп жатқан алғашқы сайлау. Мен ең алдымен болашақ пен өскелең ұрпақ үшін, еліміздің өркендеуі үшін өз дауысымды бердім. Баршаңызды осы күнмен құттықтаймын және президент сайлауына қатысуға шақырамын, – деді ол. 

Жалпы, бүгін қаладағы сайлау учаскелерінде дауыс берушілердің қарасы көп. Халықтың азаматтық белсенділігі жоғары. Тұрғындар келешектен зор үміт күтеді.

Мен өз таңдауымды жасадым. Сайлау учаскесіне таңертең ерте келіп, азаматтық борышымды орындадым. Бұл – маңызды сәт. Мен еліміздің болашағы мен оның өркендеуіне дауыс бердім! – деп қосты Қазақстан Жазушылар одағы Абай облыстық филиалының төрағасы Мерей Карт.

Айта кетейік, Семей қаласында дауыс беру 149 сайлау учаскесінде өтуде. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы