Семейдегі сауда үйіндегі өрт сөндірілді
Семей қаласындағы«Ақшын» сауда үйіндегі өрт сағат 20.55-те сөндірілді, деп хабарлайды BAQ.KZ Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
Үш қабатты сауда ғимаратында шыққан өрт туралы хабарлама 6 ақпанға қараған түні сағат 02:27-де келіп түсті. Алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері 2 минутта оқиға орнына жеткен кезде бірінші қабатта сауда бутиктері жанып, өрттің 2-ші қабат пен шатырға таралып жатқаны анықталған. Өртті сөндіруге өрттің жоғары № 3 дәрежесі бойынша күштер мен құралдар жұмылдырылды.
Ғимарат ішіндегі қою түтін мен жоғары температура, үлкен өрт жүктемесі, жанғыш материалдардың көп болуы және ғимарат құрылысының күрделі болуы салдарынан өрт тез таралып, сөндіру жұмыстарын қиындатты. Өртті сөндіру барысында 3-ші қабаттың шатыры ішінара құлады. Қабылданған шаралармен өрт сағат 11:39-да оқшауланды, яғни өрттің таралуы тоқтатылды, - делінген ведомствоның хабарламасында.
Жұмылдырылған күштер өртті толық жою, сондай-ақ жану ошақтарының қайта тұтануын болдырмау үшін құрылымдарды бөлшектеу және су құю жұмыстарын жүргізді.
Полиция күштері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері ғимараттың периметрін қоршады.
Қалалық мәдениет үйінде ТЖД және денсаулық сақтау басқармасының психологтары кәсіпкерлермен жұмыс жүргізді, 200-ден астам кәсіпкерге шұғыл-психологиялық көмек көрсетілді.
Өртті сөндіруге ТЖ және полиция департаменттерінен, Апаттар медицинасы орталығынан, ТЖМ 68303 әскери бөлімінен, «ҚТЖ» ҰК» АҚ, Ұлттық ұланның 5511 әскери бөлімінен, «Зеленстрой» ЖШС-нен 487 адам, 46 техника және 1 өрт сөндіру пойызы жұмылдырылды.
Өрттің шығу себебі анықталуда, оқиға орнында ТЖД анықтаушылары мен зерттеу сынақ өрт зертханасы жұмыс істеуде.
Қазіргі уақытта өрт орнын қарауылдау, су төгу және қоршау үшін жеке құрамнан 264 адам, 31 техника жұмылдырылған.
Еске сала кетейік, бұған дейін Семейдегі ірі сауда орталығы өртеніп жатқаны туралы жазған болатынбыз.