Семейде жылу беру маусымы аяқталды

Былтыр бюджет қаражаты есебінен 48 шақырымнан астам жылу желілері жөнделген болатын, деп хабарлайды BAQ.KZ қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгін Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов жылу беру маусымының аяқталуына орай, "Теплокоммунэнерго" КММ қызметкерлерін және қаланы тұрақты жылумен қамтуға ат салысқан мердігер ұйымдардың мамандарына алғыс айтып, марапаттады.

2023 жылы жылу маусымына дайындық үшін республикалық, облыстық және қалалық бюджет қаражаты есебінен 48 шақырымнан астам жылу желілері (тозу пайызы 15%-ға азайды) және 5 жылу қабылдағыш орталық жөнделген болатын. 

Жылу желілерін жөндеу осы жылу пункттерінен қоректенетін абоненттерді жылумен жабдықтауды жақсартуға, сондай-ақ жылу желілеріндегі жылу тасымалдағыштың шығынын азайтуға мүмкіндік берді. Атқарылған жұмыстардың арқасында апаттық жағдайлар өткен жылыту маусымымен салыстырғанда 22%-ға азайды. 

Биылғы жылы жылу желілерін, жылу пункттерін және жылу көздерін жөндеу жұмыстары жалғасатын болатынын жеткізгім келеді. Қаламыздың барлық тұрғын үйлерін, мекемелер мен сауда ғимараттарын қыс бойы жылумен қамтамасыз еткен жылу жүйесі қызметкерлеріне алғыс білдіре отырып, еңбектеріңізге жеміс, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін, - деп өз алғысын білдірді Нұрбол Нұрсағатов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Семей қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы