Семейде жоғалып кеткен екі баланың ата-анасы жауапқа тартылады
Семейде полиция ауқымды іздестіру жұмыстарынан кейін жоғалып кеткен балаларды тапты.
18 маусым күні сағат 01:00 шамасында «102» арнасына ата-аналардан екі кәмелетке толмаған баланың із-түзсіз жоғалып кеткені туралы хабарлама түскен.
Өтініш берушілердің айтуынша, балаларды соңғы рет сағат 20:00 шамасында Семей қаласының Шығыс кенті ауданындағы балалар алаңында көрген.
Хабарлама түскеннен кейін Семей қалалық Полиция басқармасының барлық гарнизоны дабыл бойынша көтерілді. Іздеу іс-шараларына 58 полиция қызметкері, Төтенше жағдайлар департаментінің 7 қызметкері, кезекшілікте болған патрульдік полиция батальонының барлық экипаждары, сондай-ақ 2 ұшқышсыз ұшу аппараты тартылды.
Түні бойы полицейлер аула-қораларды, балалар алаңдарын, қараусыз қалған ғимараттарды, бос жерлерді және балалар болуы мүмкін өзге де аумақтарды тексерді.
Жүргізілген іздестіру нәтижесінде сағат 09:10 шамасында балалар жергілікті тұрғындардың бірінің ауласынан табылды. Әйел кәмелетке толмағандарды байқап, дереу полицияға хабар берген.
Балалар аман-есен табылып, ата-аналарына тапсырылды.
Қазіргі уақытта кәмелетке толмағандармен және олардың заңды өкілдерімен профилактикалық жұмыс жүргізілуде. Балалардың тәрбиесі мен қауіпсіздігін тиісті деңгейде қамтамасыз етпегені үшін ата-аналар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Жиналған материал кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысында қаралады, - деп хабарлады Абай облысының ПД баспасөз қызметі.
Абай облысы Полиция департаменті ата-аналарға әсіресе жаз мезгілінде және кешкі әрі түнгі уақытта балалардың қайда жүргенін үнемі бақылауда ұстаудың маңыздылығын еске салады.
Еске салайық, бұған дейін Алматы тауларында жоғалып кеткен жасөспірім аман-есен табылды.