Семейде жоғалған баланы іздеуге 1000-нан астам адам жұмылдырылды
Семей қаласында жоғалып кеткен 7 жастағы баланы іздестіру жұмыстары тәулік бойы жалғасуда, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Абай облысы Полиция департаментінің мәліметінше, сағат 01:40-тағы жағдай бойынша іздеуге 1000-нан астам адам жұмылдырылған.
Іздеу жұмыстарына полиция қызметкерлерімен қатар, Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ (ЖҚАЖ), Ұлттық ұлан сарбаздары, волонтерлер, қоғамдық ұйымдар мен қала тұрғындары белсенді қатысуда.
Қазіргі таңда орман алқаптары, ашық дала және баланың жоғалған аймағына жақын орналасқан барлық бағыттар жан-жақты тексерілуде. Полиция қос-қостан жасақталып, қызметтік иттер көмегімен іздестіру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Топтық іздеу кезінде ашық аумақтарда тізбектеліп аралау әдісі қолданылуда.
Абай облысы Полиция департаменті іздестіру шараларына атсалысып жатқан азаматтарға ризашылығын білдіріп, тұрғындарды қырағы болуға шақырады. Баланың орналасқан жері туралы кез келген ақпаратты 102 нөмірі арқылы шұғыл хабарлау сұралады.