Семейде жаңа ықшам аудан салынады
Жаңа ықшам ауданның құрылысы үшін 50 шақты жер үй сүріліп, қожайындарына өтемақы төленді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазір жер қазылып, құрылыс жұмыстары басталып та кетті. Мұнда алдағы жылы 1200 орындық заманауи оқу орны бой көтереді. Ал 5 жыл ішінде қаланың солтүстік жағалау бөлігінде тағы бірнеше үй сүріледі. Орнына көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салынады. Заманға сай инфрақұрылымы жасақталған жаңа ықшам аудан қаланың қайта бекіген бас жоспарына сай бой көтереді. Сүрілген үйлердің есебінен Семейде 72 гектар жер босайды.
Жаңа мектеп салу мақсатында 46 жеке баспана сүрілді. Ол үйлердің жалпы құны 1 млрд 360 млн теңге. Жаңа ықшам ауданда бюджеттік мекемелер, конгресс-хол, стадион, 300 орындық емхана және жедел жәрдем станциясын салу жоспарланып отыр. Қалған бөлігіне инвесторлар есебінен көппәтерлі тұрғын үй салынады. Тағы бір ескерте кететін жағдай, мұнда келген инвестор тұрғындарға өтемақыны өзі төлейді, - дейді Абай облысы әкімінің орынбасары Димитрий Гариков.